GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Байланыс ақпарат
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
07 октября 2026
Қазақстан мен Финляндия Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларға ден қою саласындағы кәсіби құзыреттерді дамыту мәселелерін талқылады

Хельсинки, 2026 жылғы 07 қазан – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Котка қаласындағы Мұнай төгінділерін жою жөніндегі оқу-жаттығу және сынақ орталығына және Теңіз модельдеу орталығына барды.

Сапар барысында Финляндияның теңіздегі мұнай төгінділерінің алдын алу және оларды жою саласында мамандарды даярлау бағытындағы озық технологиялары мен практикалық тәсілдері, оның ішінде заманауи теңіз симуляторларын пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.

Оқу-жаттығу және сынақ орталығында мұнай төгінділеріне ден қоюға арналған толық көлемді жабдықтармен сынақ бассейнінде практикалық сабақтар өткізу мүмкіндіктері көрсетілді.

Теңіз модельдеу орталығында әртүрлі навигациялық және төтенше жағдайларды, сондай-ақ теңіздегі ауа-райын қалпына келтіру мүмкіндіктері ұсынылды. Мұндай технологиялар мамандардың практикалық даярлығын жүргізуге және нақты жағдайларға барынша жақын ортада іс-қимылдарды пысықтауға мүмкіндік береді.

Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларға ден қою, оның ішінде мұнай төгінділерінің алдын алу және оларды жою, сондай-ақ оның табиғи ресурстарын орнықты пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты кадрлар даярлау және сараптамалық тәжірибе алмасу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасу өтті.

Тараптар екі елдің бейінді ұйымдары арасындағы байланыстарды дамыту, сондай-ақ Каспий өңіріндегі экологиялық қауіпсіздік саласындағы әлеуетті нығайтуға бағытталған бірлескен оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу перспективаларын атап өтті.

02 октября 2026
Қазақстан атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Хельсинки, 2026 жылғы 02 қазаң – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов «Fortum» халықаралық энергетикалық компаниясының вице-президенттері Анни Яаринен және Вилле Халоненмен кездесті.

Кездесу барысында атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына, оның ішінде заманауи технологияларды енгізуге, технологиялық құзыреттермен алмасуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Қатысушылар энергетика секторын дамытудың негізгі үрдістері, оның ішінде энергия тиімділігін арттыру, декарбонизация және төмен көміртекті энергетикалық шешімдерді дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Тараптар атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды жалғастырып, практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.

 

02 октября 2026
КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН САТУ ЖӨНІНДЕГІ АУКЦИОН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАНДЫРУ

Сауда-саттықты ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Елшілігі, заңды мекенжайы: Хельсинки қ., Хопеасалментие 4 – автокөліктерді сату жөніндегі ашық аукцион өткізілетіні туралы хабарлайды.

Сауда-саттық өткізу әдісі: бағаны көтеру.

Аукцион 2026 жылғы 20 қазанда сағат 11:00-де мына мекенжай бойынша өтеді: 00570 Хельсинки қ., Хопеасалментие 4.

 

Сату объектілері (лоттар) туралы мәліметтер:

№1 лот:

Жеңіл автомобиль

Маркасы: BMW 520d

Түсі: Қара

Шығарылған жылы: 2012

Жүрілген жолы: 128 579 км

Қозғалтқыш көлемі: 1995 см3, дизель

Жалпы жағдайы: техникалық жарамды, алайда толыққанды пайдалану үшін қосымша шығындарды талап етеді

Бастапқы баға: 4 200,00 (төрт мың екі жүз) еуро 00 цент.

Бастапқы бағаның 15%-ы мөлшеріндегі кепілдік жарна: 630,00 (алты жүз отыз) еуро 00 цент.

Бағаны көтеру бойынша аукцион қадамы 5%: 210,00 (екі жүз он) еуро 00 цент.

 

№2 лот:

Жеңіл автомобиль

Маркасы: Mercedes-Benz Vito

Түсі: Сұр

Шығарылған жылы: 2012

Жүрілген жолы: 203 961 км

Қозғалтқыш көлемі: 2143 см3, дизель.

Жалпы жағдайы: техникалық жарамды, алайда толыққанды пайдалану үшін қосымша шығындарды талап етеді

Бастапқы баға: 3 700,00 (үш мың жеті жүз) еуро 00 цент.

Бастапқы бағаның 15%-ы мөлшеріндегі кепілдік жарна: 555,00 (бес жүз елу бес) еуро 00 цент.

Бағаны көтеру бойынша аукцион қадамы 5%: 185,00 (бір жүз сексен бес) еуро 00 цент.

 

Қатысу шарттары және өтінімдерді беру тәртібі:

Аукционға өтінімді уақтылы берген және кепілдік жарнаны енгізген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Өтінімдерді қабылдау және қатысушыларды тіркеу жазбаша түрде мына мекенжай бойынша жүзеге асырылады: 00570 Хельсинки, Хопеасалментие 4.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 19 қазан сағат 11.00-ге дейін.

Ең жоғары бағаны ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болып танылады.

Жеңімпаздың кепілдік жарнасы автокөліктің сатып алу құнының есебіне жатқызылады. Қалған қатысушыларға жарналар 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады.

 

Қатысу үшін ұйымдастырушының мекенжайына мыналарды ұсыну қажет:

- Белгіленген нысандағы өтінім.

- Жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

- Заңды тұлғалар үшін - заңды тұлға өкілінің Финляндия Республикасының заңнамасына сәйкес жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі.

- Кепілдік жарнаның енгізілгенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.

Сауда-саттыққа қатысушылар кепілдік жарнаны төлеу және өтінім беру алдында осы хабарландырумен, шарт жобасымен мұқият танысуға және автокөліктің техникалық жағдайын қарап шығуға міндетті. Қатысушылар автокөлікті қандай да бір жақсартуды, түзетуді немесе жөндеуді, сондай-ақ қандай да бір салықтар мен алымдардан және тіркеуді немесе меншік құқығын қайта ресімдеуге байланысты өзге де шығыстардан босатуды талап ете алмайды.

Егер сауда-саттық жеңімпазы белгіленген мерзімде шарт талаптарын орындамаса, ол автокөлікті сатып алу құқығынан бас тартқан болып есептеледі, ал енгізілген барлық төлемдер, оның ішінде кепілдік жарна да қайтарылмайды. Кепілдік жарнаны аударғаны үшін банк комиссиясы сауда-саттық қатысушыларына қайтарылмайды. Сауда-саттықтағы сөз байласу (bid rigging) және заңсыз араласудың кез келген басқа түрлері қатаң тыйым салынады.

 

Кепілдік жарнаны аударуға арналған деректемелер:

Алушы: Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Елшілігі

Мекенжайы: 00570 Хельсинки қ., Хопеасалментие 4

Есеп айырысу шоты: № FI81 1820 3000 0330 43

Алушының банкі: NORDEA BANK

Swift: NDEAFIHHXXX

EUR

Төлем мақсаты: № (нөмірін көрсету) Лот бойынша аукционға қатысу үшін кепілдік жарна.

 

Сатып алушының міндеттері және автокөліктерді алу:

Ең жоғары бағаны ұсынған сатып алушы сауда-саттық аяқталғаннан кейін Аукцион қорытындылары туралы хаттамаға дереу қол қоюға міндетті.

Автокөліктің толық құнын (бұрын төленген кепілдік жарнаны шегере отырып) сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударуға міндетті.

Меншік құқығын қайта ресімдеуге, салықтарды (әкімшілік алымдарды), кедендік баждарды және автокөлікті сатып алуға байланысты өзге де төлемдерді төлеуге қатысты барлық шығыстарды сатып алушы толық көлемде көтереді.

 

Мүлікпен танысу және байланыс деректері:

Автокөліктердің техникалық жағдайымен, құжаттар топтамасымен танысуға және өтінім бланкін алуға болады: 00570 Хельсинки қ., Хопеасалментие 4, жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17:00-ге дейін.

Анықтама телефондары: +358 9 4247 2048, +385 9 4247 2040

Электрондық пошта: helsinki@mfa.kz, kazconsulatefin@gmail.com.

30 сентября 2026
Қазақстан мен Финляндияның тау-кен өндіру саласындағы технологиялық ынтымақтастығының жаңа перспективалары

Хельсинки, 2026 жылғы 30 қыркүйек - Қазақстан Елшісі Азамат Әбдіраимов «Mining Finland» Қауымдастығының Бас директоры Алекси Саломен кездесу өткізді.

«Mining Finland» – фин тау-кен өнеркәсібі кластерінің өкілдерін біріктіретін және тау-кен технологиялары, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер, сондай-ақ сала мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін қауымдастық.

Тараптар тау-кен өнеркәсібі саласындағы Қазақстан-Финляндия ынтымақтастығын дамытудың перспективаларын талқылап, инвестициялар тарту, заманауи тау-кен технологияларын енгізу, саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ екі елдің компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат минералды ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы жетекші елдердің бірі ретінде Қазақстанның елеулі әлеуетіне назар аударды, сондай-ақ Қазақстанның фин компанияларымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға және Қазақстан мен Финляндияның тау-кен өнеркәсібі өкілдері арасында жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесуге дайын екендерін білдірді.

21 сентября 2026
Қазақстан мен Финляндияның «Oodi» кітапханасы «Оқитын ұлт» жобасын ілгерілету бағытында ынтымақтастықты дамытуда

Хельсинки, 2026 жылғы 21 қыркүйек – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Хельсинки қаласының «Oodi» орталық кітапханасының директоры Салла Таммимен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы мәдени және кәсіби ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды.

2018 жылы Хельсинки қаласының орталығында ашылған «Oodi» кітапханасы дәстүрлі кітапхана қызметтерін мәдени, білім беру және қоғамдық кеңістіктермен ұштастыратын заманауи кітапхананың жарқын үлгілерінің бірі болып табылады. Оның инновациялық тұжырымдамасы халықаралық деңгейде кеңінен танылды.

Кездесу барысында қазақ әдебиеті мен мәдениетін Финляндияда кеңінен насихаттауға ерекше назар аударылды. Қазақстанда оқу мәдениетін дамыту және «оқитын ұлтты» қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені және бұған Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп келетіні атап өтілді. Осыған байланысты тараптар «Oodi» кітапханасында қазақ тіліндегі кітаптар топтамасын қалыптастыру мүмкіндігін талқылады. Бұл бастама фин оқырмандарына Қазақстанның әдеби мұрасымен және заманауи әдебиетімен танысуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Oodi» мен Қазақстан кітапханалары арасында тәжірибе алмасу, оның ішінде цифрландыру, заманауи кітапханалық қызметтерді дамыту және кітапханаларды ашық қоғамдық әрі мәдени кеңістіктер ретінде қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Финляндия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты бастамаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.

17 сентября 2026
Қазақстан мен Финляндия: іскерлік ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктері

Хельсинки, 2026 жылғы 17 қыркүйек - Қазақстан Елшісі Азамат Әбдіраимов «East Office» фин өнеркәсіптік кәсіпорындары қауымдастығының Бас директоры Янне Харьюнпяямен кездесу өткізді.

«East Office» жетекші фин компанияларын біріктіреді және олардың Орталық Азия нарығындағы қызметін дамытуға қолдау көрсетеді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Тараптар қазақстандық нарықта жұмыс істеуге мүдделі фин компанияларымен өзара іс-қимылды кеңейту және тереңдету мүмкіндіктерін, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.

Іскерлік байланыстарды дамытуға және қазақстандық және финдік бизнес өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді.

27 августа 2026
Қазақстан мен Финляндия Каспий өңірінде қоршаған ортаны қорғаудың заманауи технологияларын талқылады

Хельсинки, 2026 жылғы 27 тамыз – Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы Қазақстан Республикасының делегациясы Финляндияға жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында қазақстандық делегация Порвоо қаласында орналасқан  «Lamor Corporation» фин компаниясының өндірістік алаңына барды. Компания экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы технологиялар мен жабдықтарды әзірлеуге маманданған.

Делегация компанияның өндірістік мүмкіндіктерімен, мұнай ластануының алдын алу, оқшаулау және жою үшін қолданылатын заманауи технологиялық шешімдермен және мамандандырылған жабдықтармен танысты.

«Lamor Corporation» басшылығымен кездесу барысында экологиялық төтенше жағдайларға тиімді ден қоюды ұйымдастыру мәселелері және Каспий теңізінде заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасу болды.

Талқылаудың жекелеген бағыты Қазақстанда мұнай төгілуінің алдын алу және жою саласында мамандарды даярлау және оқытуға арналды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мұнай төгілуінің алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге ниет білдірді.

12 августа 2026
Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі қазақстандық студенттермен кездесті

Хельсинки, 2026 жылғы 12 тамыз – Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндияда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында А.Әбдіраимов Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы ақпарат берді.

Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына ерекше назар аударылды. Елші жас қазақстандықтарға дауыс беру тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп, өскелең ұрпақтың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді әрі саналы түрде қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық дипломат сапалы білім алудың және алған білім мен дағдыларды тәжірибеде тиімді қолданудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ студенттерге қабылдаушы елдің заңнамасын, қоғамдық нормалары мен дәстүрлерін сақтау және құрметтеу қажеттігі айтылды.

Бұдан бөлек, кездесу барысында қазақстандық студенттерді қызықтыратын өзекті мәселелер, сондай-ақ Елшіліктің алдағы іс-шаралары мен жоспарлары талқыланды. Кездесуге қатысушылар маңызды мәселелер бойынша өзара пікір және ұсыныстар алмасты.

10 августа 2026
Абай поэзиясы Хельсинкиде фин тілінде шырқалды

Хельсинки, 2026 жылғы 10 тамыз – Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінде «Сәуле» мәдени орталығының қолдауымен қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының күніне орай дәстүрлі «Абай оқулары» өтті.

Кештің ерекшелігі – Абай шығармаларының фин тілінде орындалуы болды. Қазақ және ағылшын тілдерімен қатар фин тілінің қолданылуы финляндиялық көрермендерге қазақ әдебиетінің бай мұрасымен танысуға мүмкіндік беріп, ақын шығармашылығын түрлі мәдениет өкілдеріне одан әрі жақын әрі түсінікті ете түсті.

Бағдарлама аясында қатысушылар Абайдың таңдаулы өлеңдері мен шығармаларынан үзінділерді қазақ, фин және ағылшын тілдерінде оқып, жоғары дайындық деңгейін, көркем әрі мәнерлі орындаушылық шеберлігін және ақын шығармашылығына деген шынайы сүйіспеншілігін көрсетті.

Іс-шара барысында Абайдың әдеби мұрасы Қазақстанның рухани мәдениетінің аса маңызды бөлігі болып қала беретіні, оның адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызы зор екені атап өтілді.

Байқау нәтижелері бойынша қатысушылар «Сахналық шеберлігі үшін», «Мәтінді терең түсінгені үшін», «Көрермен көзайымы» сияқты номинациялармен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.

Абай оқулары Хельсинкиде қазақ әдебиетін, мәдениетін және тілін шетелде танытудың жарқын үлгісіне айналды.

10 июня 2026
«Оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы аясында Финляндиядағы Қазақстан Елшілігінде әдеби кеш өтті

Хельсинки, 2026 жылғы 10 маусым - Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігінде Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романына арналған әдеби кеш өтті. Іс-шара Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында ҚР-дың Финляндиядағы Елшілігі мен «Сәуле» мәдени қоғамының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.

Іс-шара барысында қатысушылар көрнекті қазақ жазушысы, қоғам қайраткері әрі қазақ прозасының негізін қалаушылардың бірі Ж.Аймауытовтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасымен танысты. Әсіресе қазақ әдебиетіндегі алғашқы психологиялық романдардың бірі саналатын және ұлттық мәдени мұрадан ерекше орын алатын «Ақбілек» романына ерекше назар аударылды.

Әдеби кеш аясында шығарманы бірлесіп оқу және талқылау ұйымдастырылды. Қатысушылар романның негізгі сюжеттік желілерімен, идеялық мазмұнымен танысып, рухани төзімділік, білімнің рөлі, әйелдің қоғамдағы орны және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Сонымен қатар, қонақтар үшін Ж.Аймауытовтың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған танымдық викторина өткізілді.

Осындай іс-шараларды өткізу қазақ әдебиетін шетелде насихаттауға, мәдени байланыстарды нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және отандастар мен шетелдік аудитория арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Мұндай бастамалар қоғамның рухани-адамгершілік тәрбиесіне оң әсерін тигізіп, Қазақстанның бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

 

Социальные сети
Facebook
Twitter
youtube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары