
Хельсинки, 2024 жылғы 17 желтоқсан – Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту аясында Астана қаласы Мәслихатының Төрағасы Ерлан Каналимовтың Финляндия астанасына іс-сапары өтті.
Хельсинкиде Ерлан Каналимов және Қазақстанның Елшісі Азамат Әбдіраимов қалалық Кеңестің Төрайымы Реетта Ванханенмен кездесті.
Кездесу барысында Е.Каналимов фин тарапын Астананың құрылу тарихы және қарқынды дамуымен таныстырды. Ол Мәслихаттың қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып, депутаттардың басты міндеті қала тұрғындары үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Хельсинкимен білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау және мәдениет сияқты салалардағы өзара іс-қимылды тереңдетуге қызығушылығын білдірді.
Өз кезегінде, қазақстандық дипломат Қазақстан мен Финляндия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы хабардар етіп, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Астаналардың даму және өзара тәжірибе алмасу орталықтары ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Әңгімелесу барысында тараптар Астана мен Хельсинки арасындағы ынтымақтастықты дамытуды, тәжірибе алмасуды және бірлескен бастамаларды іске асыруды ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізді. Мәслихат Төрағасы Реетта Ванханенді Қазақстан астанасына ресми сапармен келуге шақырды.
Кездесуді аяқтай отырып, тараптар астаналар арасындағы байланыстарды нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған екіжақты әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.