
Вантаа, 2024 жылғы 7 қазан – Вантаа қаласында Қазақстан Елшісі Азамат Әбдіраимов Радиациялық және ядролық қауіпсіздік орталығының (STUK) Бас директоры Петтери Тиипанамен кездесті.
Орталық атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ұйым болып табылады. Орталықтың қызметі табиғи немесе жасанды шығу тегі болсын, радиацияның зиянды әсерінен қорғауға бағытталған.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат елімізде тұрақты энергетикалық болашақты қамтамасыз етуге бағытталған атом энергетикасын дамыту жоспарлары туралы хабардар етті. Сонымен қатар, ол Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын және ядролық қаруды таратпау мен ядролық арсеналсыз әлем құру идеяларын ілгерілетуде маңызды орын алатынын атап өтті.
Өз кезегінде орталықтың Бас директоры Финляндияның атом энергетикасын дамыту саласындағы тәжірибесімен, соның ішінде елдегі атом электр станцияларының қызметімен бөлісті. Әңгіме барысында Суоми ядролық қалдықтарды өңдеу және сақтау саласындағы әлемдегі жетекші елдердің бірі екендігі атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы, оның ішінде атом энергетикасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.