
Лахти, 2024 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Елшісі Азамат Әбдіраимов Алматы қаласы мәслихатының депутаттары мен қазақстандық компаниялардың өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация құрамында Лахти қаласының Мэрі Нико Кююняряйненмен кездесті.
Лахти қаласы экологиялық трансформацияның тамаша үлгісі болып табылады. 2021 жылы ол Еуропаның жасыл астанасы атағына ие болды. Оның 2025 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі өршіл мақсаты ерекше назар аударуға тұрарлық.
Кездесуде тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Бұл ретте қазақстандық тарап үшін Лахтидің жасыл энергетика және қалдықтарды кәдеге жарату, оларды кейіннен энергияға қайта өңдеу (waste-to-energy) саласындағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды.
Кездесу соңында қазақстандық тарап қала Мэрі Н. Кююняряйненді Алматы қаласына келуге шақырды.