Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту Аалто Университетінде талқыланды

Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту  Аалто Университетінде талқыланды

Хельсинки, 2024 жылғы 5 қыркүйек – Қазақстанның Елшісі Азамат Әбдіраимов Аалто Университетінің Ректоры Илкка Ниемельмен кездесу өткізді.

Аалто Университеті жасанды интеллект зерттеулеріне, инновацияларға және индустриямен тығыз ынтымақтастыққа назар аударуымен әйгілі жетекші университеттердің бірі. Бұл өзара іс-қимыл кәсіпкерлікті дамытуға және нақты жобаларға инновациялық идеяларды енгізуге ықпал етеді. Университет ғылым мен өнерді технология және экономикамен үйлестіретін бірегей білім беру және зерттеу ортасын жасайды.

Кездесу барысында тараптар жоғары білім, зерттеулер мен инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, сұхбаттасушылар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қоса алғанда, бірлескен жобаларды іске асыру шеңберінде өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Тараптар талқыланатын мәселелер бойынша екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған байланыстарды жандандыруға өздерінің мүдделілігін растады.