Қазақстан мен Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Хельсинки, 2024 жылғы 29 тамыз  - Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі – Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Финляндия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Вилле Тавиомен кездесті.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін, сондай-ақ, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысының Хаттамасына қол қою мәселесін талқылады.

В.Тавио Финляндия мен Қазақстан арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қолдауды құптайтынын және ҚР-дың Еуропалық Одақпен аса маңызды ресурстар саласындағы ынтымақтастығын және «Team Europe» бастамасына қатысатынын жоғары бағалайтынын.

Әңгімелесу барысында Елші Қазақстан Үкіметінің елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайды одан әрі дамыту бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық және демократиялық реформаларының барысын түсіндіруге, сондай-ақ, шетелдік инвестицияларды тартуға және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындауға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде фин тарапы Қазақстан басшылығының саясатын қолдайтынын білдірді.

Елші 2023 жылдың соңындағы екіжақты тауар айналымы өсімінің оң динамикасын атап өтіп, Орталық Азия кеңістігіндегі үлкен әлеует пен өсу перспективалары арқылы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігі туралы айтты. Тараптар экономикалық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша екі елдің мүдделері сәйкес келетініне тоқталып, тәжірибе алмасудың, іскерлік байланыстарды одан әрі орнатудың және жаңа мүмкіндіктерді іздеудің маңыздылығын атап өтті.