Қазақстан мен Финляндия құқықтық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Финляндия құқықтық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда

Хельсинки, 2024 жылғы 19 тамыз - Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов ФР-дың Әділет канцлері Туомас Пөүстимен кездесу өткізді. Әділет канцлерінің құқықтық мәртебесі Финляндияның Конституциясымен анықталған және ол заңдылықтың сақталуын қадағалау саласындағы ең жоғары лауазымды тұлға болып табылады.

Қазақстандық дипломат Финляндия ҚР-дың Солтүстік Еуропа аймағындағы маңызды серіктесі болып табылатынын және біздің еліміз ынтымақтастықтың барлық векторлары бойынша өзара іс-қимылды одан әрі арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар құқықтық мәселелердің кең ауқымын талқылады. Атап айтқанда, ҚР-дың Президенті Қ.Тоқаевтың еліміздің одан әрі дамуы мен заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған ірі реформаларына ерекше назар аударылды.

Т.Пөүсти Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды және Мемлекет басшысының елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді дамытуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол Финляндияның сот жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып, қазақстандық әріптестерімен осы саладағы тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.