
Турку, 2024 жылғы 12 тамыз – Қазақстан Елшісі Азамат Әбдіраимов Турку қаласы Әкімінің орынбасары Пииа Эломен кездесу өткізді. Кездесуде тараптар өңірлік ынтымақтастық шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын қарастырып, сауда-экономикалық қатынастарды нығайту үшін әлеуеттің бар екендігін атап өтті.
Турку қаласына сапары барысында А. Әбдіраимов Турку Университетінің вице-ректоры Калле-Антти Суоминенмен ғылыми-білім беру ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Қазақстанның Елшісі еуропалық тараптың шақыруымен 2024 жылғы 12-15 тамызда Турку қаласында өтетін ғылымның білім беру саласындағы Science on Stage Europe фестивалінің ашылу салтанатына қатысты.
Бұл фестивальге STEAM саласындағы білім мен дағдыларды кеңейту, сондай-ақ қазақстандық мектептерде оқыту практикасын жетілдіру мақсатында әртүрлі мектептердің оқытушыларынан, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлерінен және «Caravan of Knowledge» Қорының өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация қатысуда.