
2020 жылғы 10 қыркүйекте Ханойда Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов мәдениет, спорт және туризм министрі Нгуен Нгок Тхиенмен кездесті.
Кездесу барысында мәдени-гуманитарлық саладағы, туризм және спорт саласындағы қазақстан-вьетнам қарым-қатынастарын одан әрі нығайтудың жай-күйі мен перспективалары туралы пікір алмасу болды.
Әңгіме барысында 2021 жылы Вьетнамда Қазақстан киносының апталығын және 2022 жылы Қазақстанда Вьетнам киносының апталығын өткізу мәселелері талқыланды.
Сұхбаттасушылар Covid-19 пандемиясы аяқталғаннан кейін екі елдің туристік әкімшіліктері арасында туризм саласындағы ынтымақтастық меморандумын әзірлеп, қол қою және оны нақты мазмұнмен толтыру қажет екенін атап өтті. Бұл тұрғыда тікелей әуе қатынасы мен визасыз режимді ашудың өзектілігі де айтылды.
Қазақстандық дипломат, сондай-ақ Вьетнам министріне осы жылы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына және Әл Фарабидің 1150 жылдығына орай, сондай-ақ 2021 жылы басқа да мәдени іс-шараларды өткізуге жоспарланған елшілік іс-шаралары туралы айтып берді. Е.Байжанов Елшіліктің Абайдың "Қара сөздері" вьетнам тіліне аударылғанын және жергілікті баспамен бірлесіп оны басып шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Осы тұрғыда Е. Байжанов қазақ және вьетнам авторларының кітаптарын өзара аудару бойынша бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Нгуен Нгок Тхиен Қазақстанның халықаралық аренадағы спорттық жетістіктерін, оның туристік әлеуетін жоғары бағалады және Қазақстан-Вьетнам ынтымақтастығы ісінде спорт, туризм және мәдени-гуманитарлық бағытты дамытуға барынша жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.