
Ханой, 2024 жылғы 17 қазан – Қазақстан Елшісі Қанат Тумыш ВСР Көлік министрлігі жанындағы Азаматтық авиация агенттігінің Әуе тасымалы департаменті директорының орынбасары Дао Нгок Зунгпен кездесу өткізді. Кездесуге DHT Aviation өкілдері, сондай-ақ «Air Astana» Корея, Гонконг, Макао және Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша өңірлік бас менеджері Пэтти Лунг ханым қатысты.
«Air Astana» авиакомпаниясының Гонконгтағы (Шығыс Азия өңіріне жауапты) өңірлік өкілдігі мен Елшіліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде 2024 жылғы 28 қазаннан бастап Алматы – Фукуок – Алматы бағыттары бойынша аптасына 5 рет (түпкілікті) жиілікпен жаңа тұрақты авиарейсті және 2024 жылғы 16 қарашадан бастап Астана – Фукуок – Астана бағыттары бойынша жиілігі аптасына 2 рет (алдын ала) жаңа тұрақты авиарейсті іске қосу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Астана – Камрань – Астана, Алматы – Камрань – Алматы, сондай-ақ Алматы – Дананг – Алматы бағыттары бойынша әуе рейстерін іске қосу мәселелері талқыланды.
Вьетнамдық тарап жақын арада қажетті құжаттарды түпкілікті бекітіп, нәтижелері бойынша қазақстандық тарапты хабардар ететініне сендірді.
Кездесу алдағы жылдары екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жылы, достық атмосферада өтті.