
2024 жылғы 15-17 мамырда Вьетнам Социалистік Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиеннің Қазақстанға жұмыс сапары өтті. Делегация құрамына бірқатар вьетнамдық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен компаниялардың өкілдері кірді.
Сапар барысында ВСР Өнеркәсіп және сауда министрі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.Жұманғарин қабылдады.
Сондай-ақ, Зиен мырзаның ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаев және ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровпен екіжақты кездесулері ұйымдастырылды.
Бұл ретте сапардың негізгі мақсаты ҚР мен ВСР арасындағы Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (ҮАК) 11-ші отырысын өткізу болды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы тамыздағы ВСР-ға ресми сапары шеңберінде қол жеткізілген екі ел басшылығының қабылдаған шешіміне сәйкес Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ҮАК отырысы алғаш рет министрлер деңгейінде өтті (бұрын мұндай кездесулер вице-министрлер деңгейінде өткен болатын). Қазақстан тарапынан ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, вьетнамдық тарапынан – ВСР Өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиен төрағалық етті. Отырыс шеңберінде тараптар елдер арасындағы өзара сауданың оң динамикасын (2023 жылдың қорытындысы бойынша 84,4%-ға өсім), сондай-ақ сындарлы диалог құруда ҮАК тиімді жұмысының маңыздылығын атап өтті.
А.Шаққалиев Қазақстанның Вьетнамға 35 тауар позициясы бойынша жалпы сомасы $96,9 млн. астам экспортты ұлғайту әлеуетін атап өтті. Біз металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі, химия өнеркәсібі және машина жасау сияқты салалар туралы айтып отырмыз. Осы мақсатқа жету үшін таяу келешекте Қазақстан-Вьетнам Іскерлік кеңесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Отырыс соңында тараптар қорытынды хаттамаға қол қойып, әлеуетті экспорттық тауарлардың тізімдерімен алмасуға, Қазақстанда Қазақстан-Вьетнам Іскерлік кеңесін және Вьетнамда Вьетнам-Қазақстан Іскерлік кеңесін құру туралы мәселені қарастыруға, сондай-ақ Қазақстанда Вьетнамның Сауда өкілдігін ашуға жәрдемдесуге келісті.
ҮАК-тың 11-ші отырысына: екі елдің компанияларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Вьетнамның Сауда және инвестициялық ынтымақтастығы жөніндегі халықаралық конференция; сондай-ақ Қазақстан Астанасында электромобильдер өндірісіне маманданған вьетнамдық VinFast компаниясының шоу-румының ашылуы орайластырылды.
Комиссияның келесі 12-ші отырысы Вьетнам Социалистік Республикасында өтеді (шамамен 2026 ж.).