Қазақстан Елшісі Вьетнам Мәдениет, спорт және туризм министрінің орынбасарымен кездесті

Қазақстан Елшісі Вьетнам Мәдениет, спорт және туризм министрінің орынбасарымен кездесті

2023 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасының Елшісі Қанат Тумыш Вьетнам Социалистік Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрінің орынбасары Хоанг Дао Кыонг мырзамен кездесіп, біздің достас елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың кейбір өзекті мәселелерін талқылады.

Хоанг Дао Кыонг мырза ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың а.ж. 20-22 тамызда Вьетнамға жасаған ресми сапарының нәтижелерін жоғары бағалап, оның екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына зор серпін бергенін атап өтті.

Кездесу барысында 2024 жылы Қазақстанда Вьетнамның мәдениет күндерін, ал 2025 жылы Вьетнамда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, спорттық қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, көшелер/ескерткіштер ашу, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ВСР Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы туризм саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қою, авиарейстер санын ұлғайту, туризм, ғылыми және мәдени байланыстарды дамыту және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар, Вьетнам тарапы екі елдің туристік және спорттық қауымдастықтары арасында байланыс орнатуға жоғары қызығушылық танытты. Осылайша, байланыс орнатудың алғашқы қадамдарының бірі Қазақстан мен Вьетнамның ұлттық командалары арасында футболдан жолдастық матч ұйымдастыру туралы бірлескен ұсыныс болып табылады.

Сондай-ақ, ҚР-ның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы туралы ақпараттандыра отырып, ТМҰ елдерінің Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен (АСЕАН) ынтымақтастығын ілгерілету мәселелері талқыланды.

Кездесу екіжақты қарым-қатынасты сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жылы, достық атмосферада өтті.