Вьетнам мен ЕАЭО елдерінің сарапшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықтың болашағын талқылады

Вьетнам мен ЕАЭО елдерінің сарапшылары   сауда-экономикалық ынтымақтастықтың болашағын талқылады

Ағымдағы жылғы 20 мамырда Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов Вьетнам ұлттық экономикалық университеті ұйымдастырған "Вьетнам мен ЕАЭО арасындағы жаңа контексте тауарлар мен қызметтер саудасы" тақырыбындағы онлайн конференцияға қатысты.

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов онлайн кездесуге қатысушыларға Қазақстан-Вьетнам сауда-экономикалық ынтымақтастығының, соның ішінде ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы еркін сауда аймағы шеңберіндегі ағымдағы жағдайы мен перспективалары туралы әңгімеледі.

Қазақстандық дипломаттың пікірінше, жаңа жағдайда сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және жандандыру бойынша жаңа жолдарды іздестіруді бастау қажет.

- Көріп отырғанымыздай, 2016 жылы ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы еркін сауда туралы Келісім күшіне енген соң, ҚР мен ВСР арасындағы өзара сауда айтарлықтай артты. Бұл қуантарлық дерек. Алайда, осы келісімді жүзеге асырғаннан кейінгі екі жылдан кейін біз Қазақстаннан, соның ішінде Одақ елдерінен Вьетнам нарығына экспорттың айтарлықтай төмендеуін байқап отырмыз. COVID-19 пандемиясы жағдайды одан әрі қиындатып жіберді. Осы жаңа контексте жағымсыз үрдістердің себептерін терең талдау қажет, сонымен қатар біздің тауар айналымының өсуі тиянақты және тұрақты сипатқа ие болу үшін постпандемиялық кезеңдегі сауданы қалай жандандыруды ойластыру қажет, - деп атап өтті Елші.

Қазақстандық дипломат Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін өзара тиімді пайдалануды ұсынды.

- Қазіргі әлемде Халықаралық бизнес үшін транзит пен логистика мәселелері маңызды. Қазақстан-Қытай-Вьетнам темір жол дәлізін дамыту біздің елімізге және ЕАЭО-ның басқа елдеріне Вьетнам нарығына тез тасымалдауды талап ететін тауарларды жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Вьетнамнан келетін жеткізілімдерге де  қатысты. Өткен жылы Вьетнам Еуропалық одақпен Еркін сауда туралы келісім жасады. Бұл жағдайда Вьетнам - Қытай - Қазақстан - Ресей – Беларусь - Еуропа көлік дәлізі теңіз тасымалдарына жақсы балама болады және қысқа мерзімде Вьетнам мен АСЕАН елдерінен Еуропаға жүктерді жеткізуге мүмкіндік береді,-деп атап өтті Е.Байжанов.

Беларусь Елшілігінің Ханойдағы кеңесшісі Денис Николаевтың айтуынша,  өзара қызығушылық тудыратын барлық салаларда екіжақты ынтымақтастық жандандырылды, маңызды бірлескен жобалар іске асырылуда, визалық режим жеңілдетілді, екі елде өзара көрмелер мен мәдениет күндері өткізіледі, ресми делегациялармен алмасу іске асырылады.

- Беларусь Республикасында Вьетнаммен сауда-саттықтағы сальдо әрқашан да оң болып отыр. Қазір біз белгілі бір теңгерімге қол жеткіздік.  Кедендік баж салығы жойылған тауарларды жеткізу айналымдары күшейіп келеді. Беларусь жергіліктендіру деңгейін біртіндеп арттыра отырып, технологияларды беру, вьетнамдық мамандарды оқыту арқылы бірлескен өндірістерді белсенді дамытуға дайын, - деп атап өтті Беларусь дипломаты.

РФ ВСР-ғы Сауда өкілінің орынбасары Александр Кардо-Сысоев биылғы жылдың басында екіжақты сауданың оң динамикасын атап өтті, 2020 жылдың алғашқы 2 айында тауар айналымының өсімі 10% - ды құрады, Ресей экспорты 30% - ға дерлік өсті.

- 2019 жылы біздің елдеріміз арасындағы сауда Ресей экспортының қысқаруына байланысты айтарлықтай төмендеді. Дегенмен, біз 2019 жылы жасалған "дайындықтардың" арқасында экспортты ұлғайту перспективаларына айтарлықтай оң баға беріп отырмыз. Осы және ресейлік ет, балық және сүт өнімдерін өндірушілер үшін Вьетнам нарығының ашылуы, Вьетнамға Ресей астығын жеткізуді шектеуге байланысты мәселелерді шешу ВСР аумағында моторлы көлік құралдарын өндіруді қолдау туралы үкіметаралық хаттаманы іске асырудың басталуы болып табылады.

Ресей ағымдағы жылы Вьетнамға 900-ге жуық ГАЗ және КАМАЗ көлігін жеткізуді, Вьетнам темір жолдары үшін жабдықтар мен технологияларды жеткізу бойынша уағдаластықтарға қол жеткізуді, фармацевтикалық өнімнің, IT-технологиялардың жергілікті нарығына шығуды жоспарлап отыр. Пандемиялық дағдарыс жағдайында Ресейде  Өнеркәсіп сауда министрлігі, Ресей экспорттық орталығы және сауда өкілдіктері базасында Ресей өнімдерін жылжыту бойынша жедел штаб құрылды.

- Біздің ойымызша,  Ресей өнімдерін жаппай маркетплейстерге шығару үшін қаржылық, ұйымдастырушылық және логистикалық мәселелерді шешуді өзіне алатын бірыңғай оператор қажет,- деп түйіндеді ресейлік өкіл.

Вьетнам, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей экономикалық сарапшыларының баяндамалары барысында Вьетнамнан ЕАЭО-ға еңбек көші-қоны, Вьетнам білім беру нарығы, Вьетнам тоқыма өнімдерінің ЕЭО елдеріне экспорты, туризм саласындағы ынтымақтастық перспективалары мәселелері қозғалды.

Сарапшылар Вьетнам мен ЕАЭО елдері арасындағы ынтымақтастықтың барлық салаларындағы серіктестіктің болашағына оң баға берді, Вьетнам мен Еуразиялық бірлестік елдері арасындағы Еркін сауда туралы келісім шеңберінде сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға жәрдемдесуге бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар жасалды.

Іс-шараға өнеркәсіп және сауда министрлігінің, Ұлттық экономикалық университетінің және Вьетнамның сыртқы сауда университетінің, РФ СІМ МХҚМИ, Ресей Ғылым академиясының әлеуметтік-саяси зерттеулер институты мен Экономика институтының, Беларусь мемлекеттік экономикалық университетінің, Қазақстан Білім Министрлігінің Қазақстан экономика институтының, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері қатысты.