Қазақстанның сауда миссиясы алғаш рет Вьетнамға барды

Қазақстанның сауда миссиясы алғаш рет Вьетнамға барды

Вьетнам астанасында 14 қазақстандық азық-түлік, химия өнеркәсібі тауарларын өндірушілер мен IT қызметтерін жеткізушілердің атынан қазақстандық бизнесмендер үш күн өткізді.

Сауда-экономикалық миссияны Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі, Қазақстан-Вьетнам үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Қайрат Төребаев басқарды.

Қ. Төребаев құттықтау сөзінде: «Қазақстан мен Вьетнам екіжақты қарым-қатынастардың тұрақты достық сипатын қолдайды. Өзара сауданың дамуы мен көлемінің өсуіне ЕАЭО-Вьетнам форматындағы еркін сауда аймағы туралы келісім ерекше серпін берді».

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Е.Байжанов: «Сауда-экономикалық миссия – бұл қазақстандық және вьетнамдық бизнестің өзара іс-қимылының жаңа форматы. Кездесулер барысында жаңа бизнес-жобалар пайда болады деп үміттенемін. Қазақстан-Вьетнам Іскерлік кеңесін құру арқылы өзара іс-қимылдың жаңа институционалдық нысандарын енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын» деп атап өтті.

Іс-шараға ВСР Өнеркәсіп және сауда министрлігінің, Вьетнам Сауда-өнеркәсіп палатасының, Қазақстанмен сауда жасауға мүдделі 80-нен астам вьетнамдық өнеркәсіптік, логистикалық және сауда компанияларының өкілдері қатысты.

Бизнес-форум барысында Қазақстандық «QazTrade» сауданы дамыту орталығы мен вьетнамдық «Inserimex Co.Ltd.» компаниясы арасында екіжақты сауданы ұлғайтуға және қазақстандық компаниялар үшін жағдайларды жақсартуға жәрдемдесетін Бірлескен компания құру туралы меморандумға қол қойылды.

Сауда миссиясы шеңберінде қазақстандық делегацияның «VietTrade» экспортты ілгерілету жөніндегі вьетнамдық агенттікпен кездесулер өтті, онда тараптар «QazTrade» және «VietTrade», сондай-ақ жергілікті бизнес-құрылымдардың өкілдерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы уағдаласты.

Вьетнамдық компаниялар қазақстандық тамақ өнімдерін, органикалық тыңайтқыштар мен жемшөп қоспаларын өндірушілерге, IT-шешімдер бойынша ұсыныстарға жоғары қызығушылық танытты, ынтымақтастық жөнінде алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізді.

Бизнес-форумға қатысушылардың пікірінше, қазақстандық және вьетнамдық кәсіпкерлердің алғашқы кездесуі экономиканың түрлі секторларында өзара іс-қимылдың зор әлеуетін анықтады.

Анықтама: Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 525,7 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға жоғары (426,2 млн. АҚШ доллар). Қазақстаннан Вьетнамға экспорттың негізгі тауарлары түсті және қара металдар, кендер мен концентраттар болып табылады. Вьетнамнан Қазақстанға импорттың негізгі тауарлары тұрмыстық және офистік электроника болып табылады.