
Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінде «Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді іске асырудың алғашқы нәтижелері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Елшілері, Ресейдің Хошимин қаласындағы Бас консулы, Вьетнамдағы Сауда өкілдігінің және Вьетнам-Ресей банкінің басшылары, Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрлігінің және сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері, талдау орталықтарының сарапшылары, сондай-ақ въетнамдық жетекші БАҚ өкілдері қатысты.
Вьетнамның ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту бойынша нақты пікірлер және ұсыныстармен алмасулар өтті. Қатысушылар ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы еркін сауда туралы келісім күшіне енген күннен бастап (2016 ж.5 қазан) Вьетнаммен тауар айналымын дамытудың оң серпіні байқалатынын, алайда қолда бар әлеует әлі толық көлемде ашылмағанын атап өтті.
Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов өз сөзінде іс-шараға қатысушыларға қазақстан-вьетнам сауда-экономикалық ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективалары туралы баяндап, елімізде құрылған инвестиция тарту шараларының жүйесімен таныстырды. Ол 2016 жылдан бастап өзара сауданың өсу қарқынын жоғары бағалады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 467,2 млн. АҚШ долларын, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында 338 млн. АҚШ долларын құрады.
«Көріп отырғанымыздай, 2016 жылы ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы еркін сауда туралы келісім күшіне енгеннен кейін, ҚР мен ВСР арасындағы өзара сауда айтарлықтай артты. Бұл қуантарлық жәйт. Сонымен қатар, экспорт пен импорт көлемі бойынша да, олардың құрылымы бойынша да өзара тауар айналымының белгілі бір теңгерімсіздігін атап өту қажет. Біздің өнімнің жергілікті нарыққа қол жеткізуі үшін айтарлықтай күрделі ішкі кедергілер сақталуда. Бұл ҚР мен ВСР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде елеулі әлеуеттің бар екенін көрсетеді»,-деп атап өтті Елші.
Қазақстандық дипломат Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін өзара тиімді пайдалануды ұсынды.
«Әрине, біздің елдеріміздің бір-бірінен алшақтығын ескере отырып, оңтайлы көлік маршруттарын орнатпай, біздің бизнесіміз елеулі қиындықтарға үнемі ұшырап отырады. Еуразиялық және Вьетнам тауарларын бәсекеге қабілетті болу үшін біздің елдеріміздің нарықтарына ілгерлету логистикасын құру қажет», - деп атап өтті Е. Байжанов.
Армения, Беларусь және Ресей дипломатиялық миссиялары басшылары Вьетнаммен еркін сауда аймағын іске асырудың практикалық жетістіктері мен артықшылықтары атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар Вьетнамның ЕАЭО елдерімен ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру қажеттігін атап өтті, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.