Хошиминде Қазақстан-Вьетнам ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды

Хошиминде Қазақстан-Вьетнам ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды

Хошимин, 2020 жылғы 20 ақпан Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов Хошимин қаласына барып, қаланың Халық комитетінің Төрағасы Нгуен Тхань Фонгпен кездесті

Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мәселелерінің кең ауқымын, сондай-ақ біздің елдеріміз арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру жолдарын талқылады. Қазақстандық дипмиссия басшысы Төрағаны Қазақстан мен Вьетнам арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың, өзара сауданың, инвестициялық ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі туралы хабардар етті.

Вьетнамның ірі қаласының мэрі 2011 жылы, қолданыс мерзімі 2016 жылы аяқталған,  Хошимин мен Алматы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғанына баса назар аударды. Осыған байланысты тараптар Алматы мен Хошимин қалалары арасындағы тығыз ынтымақтастықты қалпына келтіруге қатысты пікірлерін білдірді. 

Қазақстандық дипломат НТФонгті еліміздің оңтүстік астанасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясымен, Алматы қаласының экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуетімен таныстырды, Вьетнам тарапына егжей-тегжейлі зерттеу үшін тиісті материалдар топтамасы   тапсырылды. Қазақстан Елшісі өңіраралық өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын атап көрсете отырып,    өз елдерінің экономикасында басты позицияларға ие болып отырған қалалар арасындағы әлеуетті нәтижелі ынтымақтастыққа баға берді.   

Өз кезегінде, Халық комитетінің төрағасы Вьетнамның ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігі және тікелей шетелдік инвестициялардың үлесі тиесілі Хошимин қаласының экономикалық дамуы туралы айтып берді. Ол 10 миллион халқы бар Хошиминнің елдің мемлекеттік бюджетінің 27 пайызын қалыптастыратына және Вьетнамның индустриялық-инновациялық дамуында көшбасшы болып табылатынына тоқталып өтті.

- Біз Алматы мен Хошимин арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтуға ұмтылысты толықтай қолдаймыз. Алматы қаласының делегациясын және оның бізбен ынтымақтасуға мүдделі іскер топтарын үлкен ықыласпен қабылдауға әзірміз, - деді Нгуен Тхань Фонг. 

Хошимин қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Елшісі Вьетнамның ғылыми-техникалық орталықтарының арасында жетекші орынға ие болған Сайгон жоғары технологиялар паркінің (SHTP) жұмысымен танысты. 

Анықтамалық: Көлемі 913 гектар жоғары технологиялар паркі 2002 жылы құрылған және Вьетнамда жұмыс істейтін жоғары технологиялар парктері арасындағы ең ірі парк болып табылады. Ерекше аймақ зерттеулер жүргізу, жаңа технологияларды дамыту және қолдану үшін,  сондай-ақ жоғары технологиялық кәсіпорындар, кадрлар даярлау және жоғары технологиялық тауарлар өндірісі үшін бизнес-инкубатор ретінде құрылған. 

SHTP аумағында Intel (АҚШ), Samsung (Оңтүстік Корея), Nidec (Жапония), Sanofi (Франция), Datalogic (Италия), Microchip (АҚШ), Sonion (Дания) және т. б. сияқты ірі жоғары технологиялық корпорациялар жұмыс істейді. Барлығы әр түрлі бағыттар: микроэлектроника, ақпараттық технологиялар, автоматика, нанотехнологиялар, биотехнологиялар және тағы басқалар бойынша 157-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Парктегі қызметкерлердің жалпы саны 45000-нан астам адамды құрайды.

2019 жылдың қорытындысы бойынша парк резиденттерінен тауарлар мен қызметтердің жиынтық экспорты 17,6 млрд. АҚШ.долл. құраған. 2020 жылы 20,4 млрд.долл. нәтижеге қол жеткізу жоспарланып отыр. Парк аумағында жетекші әлемдік университеттермен ынтымақтастық жүргізетін ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. 

Сайгон жоғары технологиялар паркінің президенті Нгуен Ань Тхимен кездесу барысында қазақстандық дипмиссия басшысы Хошиминдегі ерекше аймақтың ауқымы мен даму әлеуетін жоғары бағалады.  

- Қазақстан жоғары технологиялар мен инновацияларды дамытуға үлкен мән береді, біз үшін сіздердің тәжірибелеріңіз өте қызықты, - деп атап өтті Е. Байжанов.

Жоғары технологиялар паркі бойынша таныстыру экскурсиясы шеңберінде Е. Байжанов  Вьетнам халықаралық OptoElectronics International JSC компаниясының төрағасы Во Зинь Бао Куокомен кездесті және ол кең спектрлі оптикалық кабельдерді өндірумен айналысатын және осы сектордағы Вьетнамдағы жалғыз компания болып табылатын компаниядағы жоғары технологиялық жұмыс процесін бақылап көрді.

 Меконг өзенінің атырауы аймағының экономикалық дамуы мен әлеуетімен танысу, сондай-ақ екі жақты іскерлік байланыстарды орнату мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында Қазақстан Елшісі сату көлемі 100 млн. долларды құрайтын, балық өнімдерін өсіретін және өндіретін вьетнамдық ірі компаниялардың бірі Godaco Seafood компаниясының фабрикасымен танысып шықты.