Вьетнамдық сарапшылар Қазақстандағы президенттік сайлаудың қорытындысын талқылады

Вьетнамдық сарапшылар Қазақстандағы президенттік сайлаудың қорытындысын талқылады

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлау қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға Вьетнамның жетекші ғылыми-зерттеу институттарының сарапшылары, Сыртқы істер министрлігінің, ірі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Вьетнамның Қазақстандағы Елшісі Фам Тай Нья Май (бейнеконференция режимінде) қатысты.

Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов аудиторияны дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы хабардар етті, онда Қазақстанның қазіргі көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді жеңіске жетті.

Мемлекет басшысының қазіргі сайлауының тарихи маңыздылығына назар аудара отырып, Елші Ерлан Байжанов елдің өзара байланысты үш қағидатқа негізделетін жаңа мемлекеттік саясатқа көшіп жатқанын атап өтті: әділ мемлекет – әділ экономика – әділ қоғам.

Вьетнамның Қазақстандағы Елшісі Фам Тай Нья Май Президент Тоқаевтың жұмысының негізгі бағыты ішкі саясат саласында да, экономикалық тректе де елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталатынын айтты. Оның пікірінше, сайлау – Қазақстанға алдағы 7 жылда өтетін жолдың бірінші бөлігі ғана. Ол сайлаудың халықаралық қызығушылықты арттырғанын, сондай-ақ олардың ашықтығы мен демократиялық сипатын атап өтті.

Вьетнам Журналистика және насихат академиясының директоры, профессор Фам Минь Шон Президент Тоқаевтың жаңа саяси жүйені құру және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі шешуші шаралары халыққа кең және саналы қолдау тапты, ал президенттіктің жаңа 7 жылдық мерзімі саяси бағытты тұжырымдамалық ресімдеу және қазақстандық көшбасшының әлеуметтік-экономикалық стратегиясын іске асыру үшін жеткілікті деп санайды.

Ұлттық экономикалық университеттің әлеуметтік инновациялар және кәсіпкерлік орталығы директорының орынбасары До Хуонг Лан экономикалық аспектілерге тоқталды. Оның пікірінше, экономикалық салада, әсіресе монополиясыздандыру, кәсіпкерлікті қолдау және бәсекелестікті дамыту бойынша құрылымдық реформаларды іске асыру сыбайлас жемқорлықпен және шамадан тыс бюрократиямен тиімді күресуге мүмкіндік береді, ал жаңа экономикалық модель қазіргі заманғы сын-қатерлерді еңсеру үшін негіз болады.

Хошимин атындағы ұлттық саяси академияның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің жетекші талдаушысы Нгуен Тхан Там Қазақстан-Вьетнам қатынастарының болашағына тоқтала отырып, Қазақстандық жаңғырту тәжірибесінің құндылығын, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және білім беру ынтымақтастығын нығайтудағы елеулі әлеуетті атап өтті. Ол Академия мен қазақстандық талдау және зерттеу құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту үшін Ұлттық саяси академияның президентінің 2023 жылы Қазақстанға баруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Вьетнамның жетекші сарапшылары реформалардың қазақстандық тәжірибесін зерттеуге мүдделі, деп атап өтті Нгуен Тхан Там.

Іс-шара барысында вьетнамдық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстандағы саяси процестерге жоғары қызығушылық танытып, дөңгелек үстелге қатысушыларға көптеген сұрақтар қойды.