
Ханой қ. 2022 ж. 17 ақпан күні - Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Ерлан Байжанов Вьетнам халықаралық арбитраж орталығының президенті, Ұлттық ассамблеяның депутаты Ву Тьен Локпен кездесті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Екі елдің халықаралық арбитраждық құрылымдары аясында екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға және қызметтің түрлі салаларындағы ықтимал дауларды шешуде бизнесті қолдауға аса назар аударылды.
Қазақстан дипломатиялық миссиясының басшысы вьетнамдық тарапты екіжақты қарым-қатынастардың, өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы хабардар етті. Вьетнам халықаралық арбитраж орталығының Президенті Қазақстан Республикасындағы арбитраж институттарының қызметімен танысты.
- Қазақстанда Халықаралық арбитраждық сот, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Арбитраж орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, АХҚО базасында британдық құқық нормаларына сәйкес жұмыс істейтін арнайы арбитраждық сот қызмет атқаруда. 2018 жылдың
1 қаңтарынан бастап АХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы өз қызметін бастағаннан бері сот және төрелік шешімдерден, сондай-ақ медиация келісімдерінен тұратын 900-ден астам істі қарады. Төрт жыл ғана жұмыс істеп келе жатқан халықаралық қаржы орталығындағы дауларды шешу институттары үшін мұндай нәтижелер бұрын-соңды болмаған, - деді Елші.
Өз кезегінде Ву Тьен Лок Вьетнам халықаралық арбитраж орталығының қызметі және мүмкіндіктері туралы мәлімдеп, екі елдің арбитраждық ұйымдары арасында тікелей байланыс орнату қажеттігін атап өтті. Ол қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға, өзара қызығушылығы бар барлық мәселелер бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға толық дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің бизнес топтарының қатысуымен бірқатар бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға келісті.