Ханой, 2021 жылғы 1 желтоқсан – Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінде дипломатиялық корпустың қатысуымен ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қазақ мәдениет мерекесі өтті.
Іс-шара қатысушыларына қазақстандық фольклор мен заманауи музыканың танымал үлгілері бар музыкалық бейне бағдарлама ұсынылды. Қонақтар қазақ халық музыкасының "күй", "күй-тартыс", "айтыс", "терме" секілді дәстүрлері және негізгі жанрларымен таныстырыла отырып, көне заманда жасалған домбыра мен ұлттық аспаптардың қайталанбас дыбысын, соның ішінде қобыз, дабыл, сусылдыр, жетіген және сыбызғы дыбыстарын тамашалады.
Концерттен кейін көпшілігі біздің елде болмаған шетелдік қонақтар қазақ музыкалық мәдениетінің ерекшелігі мен орындаушылық өнерінің деңгейіне таң қалғанын мойындады.
Сондай-ақ, олар қазақ халқының аспаздық дәстүрлерімен танысуға, оның ішінде қазақ тағамдарын дайындау бойынша мастер-класс өтуге мүмкіндік алды. Қонақтар қазақ қонақжайлылығының белгісі – бауырсақ пісірудің қыр-сырымен танысып, мерекелік дастарханнан ұлттық тағамдардың дәмін татты. Қазақ десерттері – жент, шербет және ірімшік шетелдік аудиторияның ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шара аясында қазақстанның бірегей жерлері, табиғи ғажайыптары мен ежелгі жерлерінің суреттерінен тұратын фотокөрме өткізілген болатын.