Гаага, 2026 жылғы 14 қазан – 2026 жылғы 12–14 қазан аралығында Гаага қаласында Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Қазақстан-Нидерланд бірлескен жұмыс тобының IV отырысы өтті.
Қазақстан делегациясын ауыл шаруашылығы вице-министрі Т.Қанафин, ал нидерландтық тарапты Нидерланды Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғат министрлігінің халықаралық екіжақты қатынастар бөлімінің басшысы М. Вейтенс басқарды.
12 қазандағы сессиялар барысында тараптар тұқым шаруашылығы, аграрлық ғылым, жануарлар денсаулығы, аквамәдениет және фитосанитарлық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жұмыс 13 қазанда нидерландтық агрокомпаниялар мен ғылыми институттардың қатысуымен техникалық сессиялармен жалғасты.
14 қазанда қазақстандық делегация сүт өнімдері, ірімшік өндірісі және құс шаруашылығы кәсіпорындарына барып, олардың өндірістік процестерімен және қолданылатын технологияларымен танысты.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы одан әрі ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Вагенинген университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті арасында өзара іс-қимыл орнатылды.
Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігі, заңды мекенжайы: Badhuisweg 91, 2587 CE, Гаага қаласы – көлік құралдарын сату жөніндегі ашық аукцион өткізілетінін хабарлайды.
Аукцион бағаны көтеру әдісімен өткізіледі.
Аукцион 2026 жылғы 21 қазанда сағат 15:00-де мына мекенжайда өтеді: Badhuisweg 91, 2587 CE, Гаага қаласы.
Сатылатын мүлік туралы мәліметтер
№ 1 лот
Жеңіл автокөлік
№ 2 лот
Жеңіл автокөлік
Қатысу шарттары және өтінім беру тәртібі
а) белгіленген нысан бойынша толтырылған өтінім;
ә) жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
заңды тұлғалар үшін – заңды тұлға өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңды тұлғаның Нидерланд Корольдігінің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжат;
б) кепілдік жарнаның төленгенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.
7. Қатысушылар кепілдік жарнаны төлеп, өтінім бермес бұрын осы хабарландырумен, сондай-ақ сатып алу-сату шартының жобасымен мұқият танысуға және автокөліктің техникалық жай-күйімен танысуға міндетті. Қатысушылар автокөлікті жақсартуды, өзгертуді немесе жөндеуді, сондай-ақ оны қайта тіркеуге немесе меншік құқығын қайта ресімдеуге байланысты салықтарды, алымдарды және өзге де шығыстарды төлеуден босатуды талап ете алмайды.
8. Егер аукцион жеңімпазы белгіленген мерзімде шарт талаптарын орындамаса, ол автокөлікті сатып алу құқығынан бас тартқан болып есептеледі. Бұл ретте кепілдік жарнаны қоса алғанда, бұрын төленген барлық қаражат қайтарылмайды. Кепілдік жарнаны аударуға байланысты банк комиссиясы да аукцион қатысушыларына қайтарылмайды. Аукционға қатысушылардың өзара сөз байласуына және сауда-саттық барысына заңсыз араласудың кез келген өзге түріне қатаң тыйым салынады.
Кепілдік жарнаны аударуға арналған банк деректемелері
Алушы: Embassy of the Republic of Kazakhstan to the Kingdom of the Netherlands
Мекенжайы: Badhuisweg 91, 2587 CE, Гаага қаласы
IBAN: NL54ABNA0546544924
Алушының банкі: ABN AMRO Bank N.V.
SWIFT/BIC: ABNANL2A
Төлем мақсаты: № [лот нөмірін көрсету] лот бойынша аукционға қатысу үшін кепілдік жарна
Сатып алушының міндеттері және автокөліктерді қабылдап алу тәртібі
Ең жоғары баға ұсынған сатып алушы аукцион аяқталғаннан кейін аукцион қорытындылары туралы хаттамаға дереу қол қоюға міндетті.
Сатып алушы автокөліктің толық құнын, бұрын төленген кепілдік жарнаны шегере отырып, сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде төлеуге міндетті.
Меншік құқығын қайта ресімдеуге, салықтарды, әкімшілік алымдарды, кедендік баждарды және автокөлікті сатып алуға байланысты өзге де төлемдерді төлеуге жұмсалатын барлық шығысты сатып алушы толық көлемде өтейді.
Мүлікпен танысу және байланыс деректері
Автокөліктердің техникалық жай-күйімен танысуға, тиісті құжаттарды зерделеуге және өтінім бланкісін алуға жұмыс күндері сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін мына мекенжай бойынша болады:
Badhuisweg 91, 2587 CE, Гаага қаласы
Анықтама телефондары:
+31 70 363 4757
+31 6 84 73 97 14
Электрондық пошта: hague@mfa.kz
Қадірлі отандастар!
Құрметті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері!
Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын!
Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ.
Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады.
Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық. Мемлекет өміріндегі бұл маңызды үдеріс осыдан тура бір жыл бұрын басталды, мұны сіздер жақсы білесіздер.
Мен былтырғы халыққа Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Аталған ұсыныс қоғамымызда қызу әрі кең ауқымда талқыланды. Ел ішінде ашық, шынайы пікірталас болды. Азаматтарымыздың тарапынан мыңдаған ұсыныстар, ой-пікірлер айтылды. Осылайша, талқылаудың соңы кейінгі 30 жылда болмаған мазмұны терең конституциялық реформаға ұласты.
Биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум арқылы тұтас елімізді өрлеу дәуіріне бастайтын қастерлі құжатты – Конституциямызды қабылдадық. Бұл маңызды тарихи оқиға халықаралық қауымдастық тарапынан зор ықылас пен қызығушылық туғызды. Өйткені қазіргідей бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде жаңа Конституцияның қабылдануы бүкіл дүние жүзі тарихында өте сирек кездесетін жағдай деп айтуға болады. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын шын мәнінде бірегей саяси оқиға деп бағалап, мұны батылдық пен жасампаздықтың жарқын көрінісі ретінде мойындау қажет екенін бірауыздан айтуда.
Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар!
Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды. Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық. Ал қазіргі таңда бұл өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады. Азаматтарымыз елімізде жүргізілген реформалардың тікелей куәгері болып, сол өзгерістердің нақты нәтижесін көріп отыр.
Соңғы 7 жылда ішкі жалпы өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты.
Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды. Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді.
Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады. Белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді. Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз.
Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз қажет. Өздеріңізге мәлім, мен мемлекетіміздің басшысы ретінде халықаралық жиындарға жиі қатысып, көптеген елдердің көшбасшыларымен, инвесторлармен кездесулер өткізіп жүрмін. Астанада да жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп жатырмын.
Алдымда тұрған мақсат айқын: бұл – Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық қауымдастық деңгейінде дәріптеу, мемлекетіміздің мүддесін қорғау және еліміздің әлеуетін жан-жақты насихаттау. Басқа ойым жоқ. Сондықтан мұның бәрін бүкіл халқымыздың мақсаты деп күмәнсіз айтуға болады.
Қадірлі қауым!
Мен елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құруды көптен бері жоспарлап жүрдім. Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым. «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді.
Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі, бұл – халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды.
Бұған дейін елдік істерге қатысты маңызды міндеттерді Қазақстан халқы ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келді. Бұл институттар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындады. Қазақстан халқы ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанды бейбітшіліктің, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде жер жүзіне танытуға ықпал етті.
Қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты. Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді. Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады. Мен осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік маңызы бар істерге белсене араласқан, отаншыл болудың озық үлгісін көрсеткен әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін.
Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, бұл – өмірдің заңы. Сондықтан заманның тұрпаты да, талабы да өзгеріп отырады. Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы.
Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті. Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті. Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады. Осы орайда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді. Бұл қадам орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады.
Алайда мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ.
Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет.
Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек. Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады.
Қазақстан Халық Кеңесіне этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр.
Бұған дейін еліміздің ұлттық идеологиясына қатысты көптеген талқылаулар болғанын білесіздер. 1 шілдеде заңды күшіне енген Конституциямыз осы мәселенің нүктесін біржола қойды деп айтсақ, орынды болар.
Конституцияда еліміздің өткені, бүгіні және келешектегі бейнесі айқын көрініс тапты. Конституция преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға баса мән беретініміз нақты жазылды. Бұл – төл тарихымызға тағзым ету, бабалар аманатына адал болу деген сөз.
Сонымен қатар Негізгі заңда адам құқықтары мен бостандығын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттің мызғымас міндеті ретінде айқындалды.
Біртұтас ұлт ретінде өскелең ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдадық. Сол арқылы болашағы жарқын, бағдары айқын Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның берік негізін қаладық.
Азаматтарымыз Конституцияның ережелерін жақсы біліп, күнделікті өмірде қолданған сайын оның күші де, қуаты да арта түседі. Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін.
Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек. Бірақ формализм мен науқаншылдықтан алшақ болғанымыз жөн, әйтпесе, осы аса маңызды жұмысты құртып, халқымыздың алдында ұятқа қаламыз.
Баяғы жартас – сол жартас болып, қағазбастылық көзқарасынан құтыла алмасақ, еш ілгерілеу болмайды. Бұл жұмысты шын жүрегімізбен, ақ ниетімізбен атқармасақ, қажетті нәтижеге жету өте қиын болады.
Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін бірлігімізді бекемдеп, белсенді, табанды жұмыс жүргізуіміз керек. Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі, бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды.
Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады.
Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру. Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды.
Енді алдымызда тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтейін.
Бірінші. Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе.
Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн. Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін.
Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады.
Жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезеңге тап болдық. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады.
Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл – мемлекеттің конституциялық міндеті.
Менің ойымша, ортақ мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу айрықша маңызға ие. Мұндай бай мұраға мемлекеттік шекара бөгет болмауға тиіс. Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде күрделі реконструкция басталды. Бұл жұмыс толықтай демеуші қаражаты есебінен атқарылады.
Алдағы уақытта еліміздегі басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіруіміз керек. Қазақстанның ауқатты азаматтары аталған ізгі бастамаға белсенді атсалысады деп ойлаймын.
Медиация институтына қолдау көрсету қажет. Өйткені бұл – кез келген кикілжіңнің алдын алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатын әмбебап әрі пәрменді тетік.
Сонымен қатар алдымызда жастардың және спорт ұйымдарының, еріктілер желісінің, қайырымдылық қорларының жұмысына, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің қызметіне тың серпін беру міндеті тұр.
Бірнеше жыл бұрын елімізді бұрын-соңды болмаған су тасқыны әбігерге салды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсетті – қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды жұбатты.
Мемлекет шын ниетпен жасалған бұл еңбекті бағалайды, халқымыз жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Елдің ынтымақ-бірлігі, жасампаз отаншылдығы жарқырай көрінген осы мысал келесі ұрпақ ғибрат алатын бейне және фотоқұжаттарда сақталып қалуға тиіс. Жанкештілік пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен мұндай сәттер аз емес. Сондықтан жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи рөлі еш кемімейді, керісінше, күшейе түседі.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жоғары конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына да енді. Бұрын парламент квотасына сай Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді. Мұның өзі көп жайтты аңғартады. Яғни олар Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Еліміздің орнықты әрі табысты дамуы тұрғысынан ҚХА миссиясының маңызды екеніне осы айқын дәлел.
Қазіргі міндетіміз – өнімді жұмыс істеу. Ең алдымен, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәсілдерін жоғалтпай, оны одан әрі жалғастырып әкеткен жөн.
Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады. Басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек.
Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады.
Алайда жаңа мүмкіндіктер тың, айрықша жауапкершілік жүктейтінін де ескерген жөн. Дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен. Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл.
Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Сіздер мұны көріп, біліп жүрсіздер.
Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – мәжбүрлеуге емес, толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі.
Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет.
Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс. Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың? Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық. Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор.
Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен арнайы «Ел бірлігі» ордені тағайындалды. Бұл – ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен жандарға берілетін бәсі биік, айрықша марапат. Конституциялық мәртебеге ие және халық атынан өкілдік ететін ұйым ретінде осы жоғары наградаға лайықты үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс әрі әділетті деп есептеймін.
Біз ауыл туралы көп айтамыз. «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі» деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл – дұрыс. Бірақ қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма? Бәрімізге белгілі, дүние жүзінде «урбанизация» атты жаһандық үрдіс болып жатыр. Бүгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да – шындық. Қазірдің өзінде біз қалада жиналып отырмыз. Сондықтан алдымызда тұрған маңызды әрі өзекті міндет: қала өркениетін дәріптеуіміз керек. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет.
Кейбір жазушылар қалада тұрып жатқан жастарды екіге бөлетін болды: біріншісі – қалаларда тұрып жатқан «асфальт қазағы» немесе «шала қазақ», екіншісі – нағыз ауыл қазақтары. Бұл – дұрыс емес. Қазіргі таңда қалаларда өмір сүріп жатқан жастарымыз қазақ мектептерінде қазақ тілінде сапалы білім алуда. Сондықтан біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ. Осыған байланысты таяуда Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырма бердім. Жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби сайыстар өткізуіміз керек. Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ.
Бағзы замандардан бері Ұлы даламыз өркениеттер тоғысынан қуат алып, барша ұлттың салт-дәстүріне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарайтын ашық әрі ынтымағы жарасымды мекен ретінде тарихтың талай асуынан өтті. Дүниедегі жақсы атаулыны жатсынбай, сіңіре білген ата-бабамыз Ұлы Жібек жолын мәдениеттер бір-бірімен біте қайнасып, жаңа білім, озық құндылықтар мен сол заманның үздік технологияларын алмасатын кеңістікке айналдырды. Шығыспен де, Батыспен де тығыз байланыс орнатудың арқасында халқымыздың ерекше менталитеті қалыптасты. Біздің қазіргі тарихымыз – осыған айқын дәлел. Этномәдени бірлестіктер кәдімгі «достық керуені» іспеттес. Олар игі мақсатқа жету жолында сапарын үзбейді. Міндетіміз – ынтымақ-бірлікті нығайтып, шынайы достық пен толеранттылықты келесі ұрпаққа аманаттап қалдыру.
Екінші. Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау.
Өздеріңізге мәлім, Кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Бұл – жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз.
Қоғамда «Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қала ма?» деген сұрақ болуы мүмкін. Тіпті, мұндай сұрақтар болған деп айтсақ та, қате емес. Бірақ алаңдауға ешқандай негіз жоқ.
Аймақтардың үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады. Ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына, құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Халық Кеңесі осындай мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болмақ. Мен бұған кәміл сенемін.
Мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады.
Бірақ қоғамдық кеңестерде мұндай байланыс та, тәжірибе де болмаған. Сондықтан біз алғаш рет Халық Кеңесі арқылы осы жұмысты қолға аламыз.
Елдік мәселелер талқыланған кезде қоғамдық кеңестердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осы орайда, қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру керек. Халық Кеңесі қоғамдық кеңестермен тұрақты байланысты жолға қойып, оларға арналған жан-жақты қолдау шараларын қарастыруы қажет.
Үкіметке Қазақстан Халық Кеңесімен бірлесіп, мұндай құрылымдардың кәсіби әлеуетін арттыру жолдарын пысықтауды тапсырамын.
Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Бұл – Кеңес қызметінің негізгі бағытының бірі. Дегенмен қазір елімізде қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ. Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Халық Кеңесі қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керек. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандарды көбірек тартқан жөн.
Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр. Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру өте маңызды. Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады. Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін.
Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет.
Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ.
Қазіргі уақытта еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отыр. Қажетті машықтарды меңгерген, алайда салалық дипломы жоқ адамдар кәсіби біліктілікті тануға арналған 22 орталықта өз құзыретін растай алады.
Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасын айрықша атап өткім келеді. Бұл – бизнестің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын, атап айтқанда, тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін даярлайтын қысқа мерзімді оқыту моделі. Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет.
Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз.
Еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал.
Кейбір кәсіпкерлер тұтас ауылды гүлдендіруге зор ықпал етуде. Елімізде мұндай тамаша тәжірибелер аз емес, бар. Біз үшін елді мекендерімізді дамытуға, онда тұрып жатқан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға әсер ететін кез келген бастама өте маңызды.
Аймақтарға пайдасы тиетін істен Халық Кеңесінің мүшелері де шет қалмауы керек. Бұл шаруаны тек мемлекетке жүктеп қоюға болмайды. Азаматтарымыз да бұл міндетке жауапкершілікпен қарап, белсенді, табанды және елге жанашыр болуы қажет.
Біз бірлігімізді нығайтып, халық игілігі үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Билік, өкілді органдар және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет етсе, ауыл да, қала да, яғни, тұтас мемлекет өсіп-өркендейтіні анық. Қалаларды, көшелерді, саябақтарды тазалықта ұстау, еліміздің жаңа тұрпатын қалыптастыру, бұл – бүкіл халқымыздың болмысын өзгерту, мемлекетімізді дүние жүзіндегі ең өркениетті елдердің қатарына қосу деген сөз. Бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды міндет.
Үшінші. Азаматтық қоғам институтын дамыту.
Азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысу тетіктерін құру – елді жаңғыртудың бір жолы. Дәл осы себепті Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталды.
Бұл – трансформацияның жаңа кезеңі. Сол себепті жүріп өткен жолымызды объективті түрде талдап, келешектегі күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуді талап етеді.
Елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары, нағыз патриоттар қажет.
Көп жұмыс атқарылды. Мұны мойындау керек. «Үшінші сектор» тың серпін алып, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасты және кері байланыс жолға қойылды.
Алайда реформалар самарқаулықты көтермейді. Біз мұны жақында өткен жағдайдан сабақ алып, көкейімізге мықтап түйдік. Өзгерістер кезеңіндегі қысқа мерзімді кідірістің өзі тұрақтылықтың шырқын бұзып, аса ауыр салдарға ұрындыруы ықтимал.
Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды. Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық.
Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданады. Тек мемлекеттік тапсырысты игеру мақсатында құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына тосқауыл қою қажет. Жалпы, Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс.
Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі.
Дегенмен «үшінші сектордың» басты міндеті – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру. Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер.
Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастақ әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін. Басқа жол жоқ.
«Таза Қазақстан» дегеніміз – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі.
Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек. Тазалық, мәдениет, өркениеттілік еліміздің ұлттық бренді деп санаймын.
Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек. «Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн.
Жалпы, тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық. Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз. Табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқам болуға, бұл мәселеде ешқандай қатігездікке жол беруге болмайды.
Адам мен табиғат – егіз. Біз қоршаған ортаға қамқор болуымыз керек.
Тағы да атап өткім келеді: қалалардың сәулеті мен көркінен халқымыздың мәдениеті, бойындағы қадір-қасиеті және құндылықтары көрініс табады. Еліміздің таза, тартымды болғаны ең алдымен азаматтарымыздың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сондай-ақ, бұл – экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан елімізді жаппай көгалдандыру, тазалықты сақтау, заң мен тәртіпті бұзбау – мемлекеттік маңызы бар міндеттер. Біз бір күннің қамы үшін емес, болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін осы жұмыспен белсенді түрде айналысуымыз керек.
Менің тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінімді байқаған боларсыздар. Қайткен күнде де бұл істе кідіруге, босаңсуға болмайды. Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы, мектеп пен қоғам, түптің түбінде, мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады.
Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың болмысын оң бағытқа өзгертіп жатырмыз. Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық. Қуанарлық дүние. Бұл – мемлекеттің, барша халықтың, тұтас ұлттың өркениеттілігінің белгісі. Бұл азаматтардың, оның ішінде бірнеше буын өкілдерінің көңіл-күйіне жағымды әсерін тигізіп, қоғамдағы ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, түптеп келгенде экономикалық өсімді жеделдететін факторға айналады.
«Таза Қазақстанның» қуаты – қоғамды жылдар бойы жалғасатын игі әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне біріктіруде. Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Мәдениет бар жерде еңбек етуге де, жетістікке жетуге де ынта пайда болады. Лас әрі қараусыз қалған жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Ең қорқыныштысы, адамдар мұндай ахуалға да бой үйретіп алады. Осы сияқты жайттар орнаған бірқатар елді білеміз. Оған ешқашан жол беруге болмайды. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада «сынған терезе салдары» деген атаумен белгілі.
Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес. Абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы – халқымыздың болашағына жасалған инвестиция.
Сәні мен сәулеті жарасқан қала кеңістігі қатал ұстаз сияқты артық ақыл айтып, ділмәрсімей-ақ дұрыс жүріп-тұруға баулиды. Тазалық азаматтарымызды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтеді. Мұның бәрі – бір-бірімен байланысты дүние. Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады. Сайып келгенде, елдің әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Біз әлеуметтік масылдықтан арылып, жауапты серіктестікке түбегейлі көшуге жағдай жасауымыз керек. Елдегі өзгеріс қарапайым істен басталады. Ол тұрғындары іскер, белсенді әрі жаңашыл әкімді сайлаған берекелі ауылдан, өз үйінің мәселесіне бей-жай қарамайтын мүлік иелері бірлестігінің тату-тәтті тіршілігінен, азаматтарға шарапаты тиген волонтерлік және қайырымдылық бастамалардан көрінеді.
Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару керек. Бұл да – Халық Кеңесінің міндеті. Оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану, жаңа білім игеру, кітап оқу секілді көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюға, жалпы, саламаттылық салтын ұстануға тиіс. Ол үшін кітапхана, музей, мектеп, достық үйлері, саябақтар сияқты қолда бар инфрақұрылымды барынша жұмылдыру керек. Сонымен қатар басқа да қоғамдық нысандарды көбейткен жөн. Мемлекет жаңа қоғамдық кеңістіктер құруды демеушілердің, соның ішінде ауқатты азаматтардың қаражатын тарту арқылы жүзеге асырады. Бұл Мемлекет басшысы ретінде менің де, мемлекеттің де, Халық Кеңесінің де міндеті деп санаймын. Мұны тек үлкен қалаларда ғана қолға алмай, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарына, ауылдарға баса назар аудару маңызды. Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс. Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын.
Қазақстан Халық Кеңесі мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты істе қолдану мәселесіне назар аударуы керек. Мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ уақыт бойы қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет.
Басқаша айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Мұны қазіргі тіршілігімізден жақсы білеміз. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады.
Қадірлі қауым!
Құрметті жиынға қатысушылар!
Қазір еліміз тарихи және тағдыршешті дәуірге қадам басты. Ауқымды өзгерістер үдерісі билік тармақтарын жаңғыртумен тоқтап қалмайтыны анық. Біз Әділетті, Озық, Таза, Күшті Қазақстанды құру жолындағы кешенді жұмысты үздіксіз жалғастыра береміз. Біз реформаларды табысты жүзеге асырып, еліміздің тұрақты өсіп-өркендеуі үшін мызғымас негіз қалыптастыруымыз қажет. Бұл үшін қоғамдық сананы өзгертуіміз керек. Басқа сөзбен айтсақ, халқымыздың санасының өзегінде білімпаздық, ұқыптылық, жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттері тұруға тиіс. Себебі заңға бағыну, елге жанашыр болу, табиғатқа қамқор көзбен қарау, тазалықты сақтау – мұның бәрі де озық ойлы ұлтқа тән маңызды құндылықтар. «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» бастамаларының басты мақсаты да – осы құндылықтарды қоғамда түпкілікті орнықтыру.
Тағы бір маңызды міндет – ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және тарихи жадымызды жаңғырту. Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мен де бұған дейін осы өзекті тақырыпқа байланысты біраз ойымды айттым. Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз. Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз.
Биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілді. Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Маңғыстау облысындағы бірегей тарихи нысандар да енді. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды. Сәулет өнерінің осынау жауһарлары – Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды. Дегенмен осы тұста бір мәселеге тоқтала кеткен жөн.
Тарихты дұрыс тани білу – ең қажетті дағды. Өткенге өкпе арту – болашаққа балта шабумен тең әрекет. Айналасына кінә тағып, үнемі жұбаныш іздеп жүретін адамның да, ұлттың да келешегі бұлыңғыр болады. Бұл – шындық. Мұндай кертартпа әдеттерден аулақ болу керек.
Күнделікті өмірде де мұңға батпай, еңсені тік ұстап жүрген жөн. Өскелең ұрпақты жасық, кінәмшіл, уайымшыл мінезден сақтау қажет. Олар ұлтының тарихын мақтан етіп, еліміздің болашағына сеніммен қарауы керек.
Қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жақсы сөзі бар. Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағының кепілі. Сондықтан біз қазір «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жұмысқа атүсті қарамай, сапалы атқару керек.
Қазақ қилы замандардан қайыспай өткен, өр рухын жықпаған, қайсар, жігерлі ұлт болған. Біз ата дәстүрімізді, асыл дінімізді, ана тілімізді, бірегей болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтылуымыз қажет.
Тұтас елімізге көлеңкесін түсіретін жат ағымдарға, қараңғылықтан басқа берері жоқ ескілік ұстанымдарына қатаң тосқауыл қоюымыз керек.
Ұлт болып ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруымыз қажет. Бұл аса маңызды істі орындауға сіздер – Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де елеулі үлес қосасыздар деп сенемін.
Қазақстан Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт. Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше. Сондықтан Кеңестің алғашқы мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Осы мәртебелі әрі беделді құрылымның табысты жұмысы сіздердің табанды еңбектеріңізге байланысты болмақ. Сіздер қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, ел бірлігін күшейтуге жол ашатын игі істердің бастауында боласыздар. Әрине, жол бастау оңай болмасы анық. Бірақ бір жағынан, бұл – үлкен құрмет және зор мүмкіндік.
Сіздер халықпен етене байланыс орнатып, жасампаз бастамалар көтеру арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне, тіпті, ел тағдырына ықпал ете аласыздар. Ең бастысы, ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс.
Осы тұста тағы бір мәселеге айрықша назар аударғым келеді. Кеңестің қызметі қағазбастылыққа айналып кетпеуі қажет. Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек. Қиындықтан тайсалмай, күрделі мәселелерді батыл көтеру қажет. Жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы осындай ашық диалог арқылы жүзеге асады.
Қоғамдық сенімді күшейтудің, яғни, ұлттық бірегейлікті нығайтудың бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан әр мәселеге тыңғылықты дайындықпен кірісу қажет. Халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған. Бірақ басты талап: кез келген сын шынайы болуға тиіс. Мәселені көтере отырып, оның шешімін де қатар ұсыну қажет.
Кеңестің әр мүшесі қарапайым этика нормаларын қатаң ұстануы керек. Халық Кеңесі өкілдері жоғары саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуге тиіс.
Қадірлі қауым!
Мен сөз басында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын айттым. Енді осы жұмысты тоқтатпай, тек алға қарай жүруіміз керек. Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни, мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет.
Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды.
Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды.
Бір сөзбен айтқанда, елді-мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын.
Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді. Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін.
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамына кәсіби, отаншыл, қоғамдағы беделі жоғары, мықты азаматтар енді. Бүгін біз алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап алдық. Қоғамымыз сіздерге зор үміт артып отыр. Өздеріңізге жүктелген тарихи миссияның мән-маңызын терең түсініп, мемлекет мүддесі үшін табанды қызмет етесіздер деп ойлаймын.
Баршаңызға табыс тілеймін! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!
2026 жылғы 16 қыркүйек Астана
Global Financial Centres Index рейтингінің 40-шы шығарылымында Қазақстан астанасы әлемнің 117 қаржы орталығы арасында 57-орынға ие болды. Астананың рейтингтік көрсеткіші 18 ұпайға – 684-тен 702 ұпайға дейін өсті.
Астана халықаралық қаржы орталықтарының Global Financial Centres Index 40 (GFCI 40) рейтингіндегі орнын жақсартып, бірден сегіз сатыға 65-орыннан 57-орынға көтерілді. Қала үш жылдан астам уақыт бойы иеленіп келе жатқан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтап қалды.
Өңірлік рейтингте Астанадан кейін әлемдік рейтингте 72-орын алған Кипр және 78-орынға жайғасқан Варшава орналасты. Астана мен ең жақын өңірлік бәсекелес арасындағы алшақтық 15 сатыны құрады.
Астананың көрсеткіші Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржы орталықтарының орташа рейтингтік бағасы 1,09%-ға төмендеген тұста өсті. Бұл ретте индекс құрастырушылары өңірдің жетекші қаржы орталықтары өз позицияларын нығайтуды жалғастырғанын атап өтті.
Астана сондай-ақ зерттеуге қатысушылардың пікірінше, алдағы екі-үш жылда әлемдік қаржы жүйесінде маңызы арта түсетін қаржы орталықтарының алғашқы ондығына енді. Қазақстан астанасы респонденттер тарапынан 45 рет аталып, тиісті тізімде тоғызыншы орынға ие болды.
Қаржы технологияларын дамыту бойынша жеке рейтингте Астана төрт сатыға 55-орыннан 51-орынға көтерілді.
«Астананың бірден сегіз сатыға көтерілуі және өңірдегі көшбасшылығын сақтап қалуы – халықаралық қаржы қоғамдастығының АХҚО-ға және Қазақстанға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі. Біз үшін рейтингтегі орын түпкі мақсат емес, бұл жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан жұмысымыздың тәуелсіз бағасы: біз құқықтық және реттеушілік ортаны жетілдіріп, капитал нарықтары мен қаржы технологияларын дамытып, халықаралық байланыстарды кеңейтіп келеміз. Біздің мақсатымыз – бұл ілгерілеудің Астананың әлемдік қаржы орталықтары арасындағы орнымен ғана емес, ең алдымен жаңа инвестициялармен, халықаралық компаниялармен және қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктермен өлшенуі», – деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров.
GFCI 40 аясында 139 қаржы орталығы зерттеліп, олардың 117-сі негізгі индекске енді. Рейтинг Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымын қоса алғанда, халықаралық ұйымдар ұсынған 144 сандық көрсеткіш, сондай-ақ қаржы секторының 6 147 маманы берген 39 531 бағалау негізінде жасалды.
Зерттеу респонденттері қаржы орталықтары алдағы бес жылда баса назар аударуы қажет басым бағыттарды да айқындады. Олардың қатарында бұлтты технологияларды, деректерді беруді және киберорнықтылықты қамтитын цифрлық инфрақұрылымды дамыту; финтех-компаниялар мен цифрлық активтер саласындағы бизнесті тарту; ақшаны жылыстатуға және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жүйелерін нығайту; капитал нарықтарын одан әрі тереңдету бар.
Жаһандық рейтингтегі бірінші орнын Нью-Йорк сақтап қалды. Одан кейін Лондон, Гонконг және Сингапур орналасты. Алғашқы ондыққа Шанхай, Токио, Сеул, Шэньчжэнь, Дубай және Цюрих те енді.
GFCI рейтингі жылына екі рет жарияланады және қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігін бағалайтын негізгі халықаралық бағдарлардың бірі саналады. Зерттеуді Ұлыбританияның Z/Yen Group талдау орталығы China Development Institute (CDI) ұйымымен бірлесіп шығарады. Индексті жасау кезінде бизнес орта, қаржы секторының дамуы, инфрақұрылым, адами капитал және қаржы орталықтарының беделі бағаланады.
Астана GFCI рейтингіне алғаш рет 2018 жылғы наурызда енді, ал 2023 жылғы наурызда Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атанды. Қаланың позициясын нығайтуға құқықтық және реттеушілік ортаны, қаржы инфрақұрылымын, капитал және цифрлық активтер нарықтарын дамытып, халықаралық және өңірлік инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы елеулі үлес қосуда.
АХҚО бизнеске қаржы құралдары мен халықаралық нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігін, дауларды шешудің тәуелсіз жүйесін, халықаралық стандарттарға негізделген реттеуді және қаржы технологияларын дамытуға қажетті жағдайларды ұсынады. Орталық Астананың инвестиция тартуға, капитал қозғалысына және трансшекаралық жобаларды іске асыруға арналған өңірлік алаң ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастыруда.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: pr@aifc.kz
Қазақстанда конституциялық және институционалдық реформалар аясында алғашқы әкімшілік амнистия жүзеге асырылуда.
Процесс цифрлық форматта жүргізіледі: өтініш берудің қажеті жоқ, тиісті жағдайлар автоматты түрде анықталады, ал ақпарат электрондық түрде немесе SMS арқылы жіберіледі.
Бұл шара әкімшілік құқық бұзушылықтардың маңыздылығы төмен түрлеріне байланысты туындаған міндеттемелерге қолданылады. Бұл ретте сот салған айыппұлдар, қайталама құқық бұзушылықтар, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың денсаулығына және мемлекеттің мүдделеріне қатысты құқық бұзушылықтар амнистияға жатпайды.
Әкімшілік амнистия 2026 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,
адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,
ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,
төмендегіні мәлімдейміз: 1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді. 2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.
Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.
2026 жылғы 7 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді. Диалог алаңында әлемдік және дәстүрлі діндер – ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет қайраткерлері және әлемнің 20 елінен жетекші сарапшылар жиналады.
XXIV Хатшылық отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде бастамашылық еткен және қатысушылар қолдаған екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау. Олар: «Жасанды интеллектті діни салада пайдаланудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі».
Жеке мәселе ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғауға, оған ізгілікпен қарауға басымдық беріліп, сондай-ақ қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар, тиісті сұраныс болған жағдайда баланың діни және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескере отырып қолдау көрсету көзделген.
XXIV Съезд Хатшылығының ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз. Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуыңызды сұраймыз.
Өткізілетін күні: 2026 жылғы 7 қазан.
Өткізілетін орны: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы.
Іс-шараның басталуы: сағат 10:00.
2026 жылғы 2–3 қазанда Астанада Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясы мен Орталықтың II бірлескен коллоквиумын өткізеді. Коллоквиумның басты тақырыбы осал топтарға жататын балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау.
Коллоквиум Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы 2024 жылғы сәуірде басталған диалогтың жалғасы болмақ. Аталған диалог Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Ватиканға жасаған сапары аясында өткен алғашқы бірлескен кездесуден бастау алған.
Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, дін қайраткерлері, педиатрия, биоэтика және теология саласындағы мамандар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Іс-шараға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тең төрағалық етеді.
Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық, науқас балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатриядағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен оны қолданудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.
Талқылаудың негізгі бағдарларының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және отбасын қолдау қағидаттарына негізделген Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы болады. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің практикалық үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.
Коллоквиумды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерін 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз.
Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуды сұраймыз.
Өткізілетін күні: 2026 жылғы 2–3 қазан
Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, 1қабат
Іс-шараның басталуы: сағат 10:30.
Құрметті Құрылтай депутаттары,
Үкімет мүшелері!
Қадірлі қауым!
Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын!
Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз.
Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз.
Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі.
Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!
Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда. Мұны Құрылтай сайлауы айқын аңғартты. Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті. Осылайша, ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты.
Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс. Мұны жұртшылықтың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп түсінген жөн.
Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады. Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады. Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер, ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді.
Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты. Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді. Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты.
Шын мәнінде, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті. Мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады.
Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек. Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс.
Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары. Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін.
Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет.
Қазіргі таңда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды. Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық.
Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді.
Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды. Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады.
Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік. Бұл – өткенді көксеу емес. Бұл – тарихи сабақтастықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру деген сөз. Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды.
Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сіздер осы миссияны іске асыруға белсене атсалысып, ең алдымен ұлттың, жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет етесіздер деп сенемін.
Қымбатты отандастар!
Құрметті жиынға қатысушылар!
Әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ. Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізуде. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр.
Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты. Әлемдік аренада «Орта державалар» деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастады. Қазақстан да аталған санатқа кіреді.
Сонымен қатар тұрлаусыз әлемде салыстырмалы түрде жаңа үдеріс белең алды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамуда. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті, қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді.
Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады.
Әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатыр. Ол кереғар сипатқа ие: бір жағынан – қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал екінші жағынан – ілгері, технологиялық, перспективті әрі адамзат тарихындағы елеулі бетбұрыс саналады.
Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті.
Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулі жетістік.
Қазақ елінде жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер мейлінше ескерілген. Бұл – аса маңызды. Басқаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады.
Экономикада іргелі реформалар қолға алынды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленді. Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді.
Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр.
Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды.
Сіздер, депутаттар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде ел ішін аралап, Қазақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә болдыңыздар. Алайда үлкен құрылысқа қомақты инвестиция қажет. Мемлекет те бұдан тыс қалмауға тиіс.
Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады.
Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді.
Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр (Жақында ұстаздар алдында сөйлеген сөзімде оның мөлшерін айттым). Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек.
Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын.
Біздің қалағанымыздай жедел болмаса да, еліміз ғылымды, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып, инновациялық өркендеу жолына бағыт алды.
Біз әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтардың әлеуетін арттыруға әрдайым баса мән береміз. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрия саласын жан-жақты дамытуға айрықша назар аударамыз. Мемлекет мақсатшыл, табанды, еңбекқор адамдарға әрдайым қолайлы жағдай жасайды.
Біз жастарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Себебі, бұл – табысқа жетудің көзі. Азаматтарымыз жаңа дәуірде құқықтық сауатсыздық, әлеуметтік масылдық, жөнсіз сөз бен орынсыз сынның еш пайдасы жоқ екенін білуі қажет. Мұның бәрі – еліміздің өсіп-өркендеуіне бөгет болатын кедергілер.
Салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне айрықша мән беру керек. Мен бұл туралы Тамыз конференциясында арнайы айттым. Енді осы мәселеге Құрылтай қабырғасында қайта оралғанды жөн көріп отырмын. Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді.
Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ.
Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды. Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Бүгінде еліміздегі қоғамдық өмірдің барлық саласы реформаланып, бірегей инновациялық стандарттар мен тәсілдер қолданылуда. Мемлекеттік институттар мен экономикада ғана емес, ең маңыздысы, азаматтық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр.
Соғыстан, дағдарыстан және қырғи-қабақ қатынастан көз ашпаған қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияның өзін бірегей тәжірибе деп атауға болады. Бірде-бір аймақта мұндай үлгі етер мысал жоқ.
Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жүріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен айта аламыз.
Осы жаңғыру жолынан жаңылмай, қол жеткізген нәтижелерді орнықтыру үшін ұлтымыздың тарихи дамуындағы негізгі аспектілерге қатысты ұстанымымыз бен көзқарасымызды өзгерткен жөн.
Қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек. Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Ауызымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн. Бұл аса маңызды қағидаттар келешек ұрпақ идеологиясының өзегіне айналуға тиіс. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқымыз тарихта талай сынаққа қасқайып қарсы тұрды. Енді өзінің күш-қуатын даму көкжиегін кеңейтуге жұмылдырса деген тілек бар. Жасампаздық пен еңбек қана мұратымызға жеткізеді.
Баршаңыз әлемдегі ахуалдың аса күрделі екенін, болжауға келмейтінін көріп-біліп отырсыздар. Өзара сенім жоғалған, тұрақсыздық белең алған мұндай алмағайып кезде Қазақстанның халықаралық беделі биік тұрғанын айрықша атап өткен жөн.
Жаһан елдері, соның ішінде әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттердің өзі біздің пікірімізге құлақ асады. Бұл – өте маңызды. Біз ұлттық мүддемізді бәрінен биік қоя отырып, елімізге тән бейбітшілік, өзара достық пен тиімді серіктестік құндылықтарын күллі әлемге табанды түрде дәріптей береміз.
Түптеп келгенде, ұлт болып ұйыса алмасақ, азаматтарымыз ортақ іске жұмылмаса, осы жетістіктердің ешқайсысы да болмас еді. Еліміздің басты қуаты, яғни, стратегиялық басымдығы – халықтың мызғымас бірлігінде және жасампаз рухында.
Біз озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуымыз керек. Ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеуметтік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарауымыз қажет. Біздің нақты жоспарымыз бар, бағдарымыз да – айқын. Тек өзімізге сеніп, табанды жұмыс істеуіміз керек.
Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз. Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді.
Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?! Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама. Себебі, қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық. Санасы сергек, ойы азат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады.
Әсіресе, қазір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қадам басып жатқан кезде бұл ұстаным айрықша маңызды. Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек. Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз.
Төл тарихымызды тар жол, тайғақ кешсе де, алған бетінен қайтпаған, еңсесін тік ұстап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар жазды. Олар ұлтымыздың көшін алға бастады. Елімізді көркейтеміз десек, осындай ұлт перзенттерінің өмірін, ұстанымдарын үлгі-өнеге етуіміз керек. «Ондай болмақ қайда» деп, қол қусырып отыру – қаһарман жұртымызға тән қасиет емес. Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Өмірде табысты, қоғамда сыйлы болады. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы.
Құрметті депутаттар!
Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген. Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.
Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз.
Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады.
Енді мен Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін.
Бірінші. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет.
Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.
Екінші. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек.
Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет.
Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет.
Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады. Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек.
Қазіргі таңда менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет.
Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды. Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет. Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс.
Үшінші. Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет.
Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.
Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар. Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат.
Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім. Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет.
Бұдан бөлек, Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек. Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным.
Жалпы, біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес.
Энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.
Түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн.
Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс. Жаңа этиканы қалыптастыру ісі ел алдындағы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына байланысты екені сөзсіз. Қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет. Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе.
Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды. Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни, жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі. Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес.
Бізге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет. Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұмыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді.
Қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз. Еліміздің ертеңі әрбір депутаттың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына және отаншылдығына байланысты екені сөзсіз. Сіздер – түрлі қызметте табысқа жетіп, мол тәжірибе жинаған білікті мамансыздар. Өздеріңізді жауапты, жұртқа жанашыр, бастамашыл азамат ретінде танытып келесіздер. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жаратып, Қазақстанды дамыту үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін.
Құрметті депутаттар!
Құрылтайдың бірінші шақырылымы – ел дамуының жаңа белесі. Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек.
Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет. Қазақстан парламентаризмін дамытуға елеулі еңбек сіңірген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ең басты игілік – бірлік» деген тамаша сөзі бар. Шын мәнінде, біз ырысты ынтымағымыздың арқасында мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Береке бірлік бар жерге ғана тұрақтайды. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, әлі талай белесті бағындырамыз. Барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
Қадірлі қауым!
Жоғарыда атап өттім, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек. Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес, Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады.
Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын.
Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын.
Ата заңға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін.
Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын. Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын. Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек.
Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл бірегей орган. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді.
Нағыз отаншыл азамат үшін өз халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әділетті, Күшті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Ел аманатына адал болу – парыз. Сіздер осы жолда табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Құрылтай жұмысына табыс тілеймін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Қазақстан Республикасы жасасын!
Гаага, 2026 жылғы 23 тамыз – Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігі жанындағы №446 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы бойынша дауыс беру жалғасуда. Сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де жұмысын бастап, 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Дауыс беруге Нидерланд Корольдігінің аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қатысуда. Олардың қатарында халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, ғылыми және іскерлік қауымдастық өкілдері, студенттер, сондай-ақ елдің әртүрлі өңірлерінде тұратын басқа да отандастарымыз бар.
Гаага стратегиялық зерттеулер орталығының (HCSS) стратегиялық кеңесшісі әрі Dutch Greenhouse Delta ұйымының атқарушы кеңесшісі Фредерик Воссенаардың бағалауынша, бұл сайлау Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес өткізілген алғашқы сайлау ретінде елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғырту жолындағы маңызды кезең болып табылады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық Соты, Халықаралық қылмыстық сот, Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы, Тұрақты төрелік соты, сондай-ақ көптеген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктер орналасқан бейбітшілік пен әділеттің халықаралық қаласы – Гаагада дауыс берудің өтуі Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты жеріне қарамастан өздерінің конституциялық сайлау құқығын жүзеге асыруының және елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуының маңыздылығын айқын көрсетеді.
№446 сайлау учаскесі мына мекенжайда орналасқан: Badhuisweg 91, 2587 CE, Гаага.