Қазіргі заманғы су тазарту әдістері және су тасқындарынан қорғау: Ақтөбе қаласы мәслихатының делегациясы Нидерландта

Қазіргі заманғы су тазарту әдістері және су тасқындарынан қорғау: Ақтөбе қаласы мәслихатының делегациясы Нидерландта

Гаага, 2025 жылғы 12 наурыз – 10-14 наурыз аралығында Ақтөбе қаласы мәслихатының төрайымы Анар Даржанова бастаған депутаттар делегациясы су ресурстарын басқарудың озық тәжірибесін, су тазарту технологияларын және су тасқынынан қорғану әдістерін зерттеу әрі оларды енгізу мүмкіндігін қарастыру мақсатында Нидерландқа жұмыс сапарымен барды.

Сапардың негізгі іс-шараларының бірі – қазақстандықтардың су шаруашылығының тұрақты дамуына, су тазартудың инновациялық технологияларына, цифрландыруға, су теңгерімін бақылауға және су қауіптерін басқаруға арналған Aquatech Amsterdam 2025 халықаралық көрмесіне қатысуы болды.

Қазақстандық депутаттар нидерландтық бизнес өкілдерімен өткен дөңгелек үстелге қатысты, сондай-ақ Корольдіктің шегінен тыс кеңінен танымал жетекші инженерлік компаниялардың, білім беру және зерттеу орталықтарының штаб-пәтерлеріне барды. Олардың қатарында Делфттегі су білім беру институты (IHE Delft) да болды. Бұл институттың сарапшылары өткен көктемде Қазақстанның кейбір өңірлерінде орын алған жойқын су тасқындары кезінде қазақстандық мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті билік органдарына практикалық көмек көрсетті.

IHE Delft басшылығымен қазақстандық су шаруашылығы саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыру жолдары талқыланды. Сонымен қатар, Deltares және Нидерланд Су ресурстарын басқару орталығында өткен келіссөздер барысында су тасқындарын болжау, модельдеу және олардың салдарын болдырмаудың озық әдістерімен танысу мүмкіндігі болды.

Бағдарламаның практикалық бөлігі аясында делегация Floodproof Holland инновациялық нысанына барып, онда су тасқынынан қорғанудың заманауи технологиялары таныстырылды. Сондай-ақ, Witteveen+Bos компаниясының төтенше жағдайларға арналған су қоймасын, Aquatech Amsterdam 2025 көрмесінде инновациялар үшін марапатталған Royal Haskoning DHV компаниясын аралады. Делегация Утрехт қаласындағы осы компания салған инфрақұрылымдық нысандармен танысты, олар ағынды суларды жоғары тиімді әдістермен тазарту технологияларын қолданады.

Нидерландтық Су әріптестігі агенттігі мен екі елдің елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл сапар Қазақстанның жергілікті өкілдік және атқарушы органдары мен Нидерланд Корольдігінің негізгі мемлекеттік құрылымдары және жетекші компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстанда инновациялық технологияларды енгізуге, су тазартудың автоматтандырылған жүйелерін пайдалануға, сүзу технологиялары мен су ресурстарын тиімді басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, Нидерланд тәжірибесін Ақтөбе облысының жағдайына бейімдеу мүмкіндіктері қарастырылды.

Анықтама: Aquatech Amsterdam 2025 – әлемдегі су жабдықтау, су тазарту және су ресурстарын басқару технологияларына арналған ең ірі халықаралық көрме. Ол 140-тан астам елден 20 мыңнан астам су саласының мамандарын жинайды және 800 компанияның стендтерінде өтеді. Көрме әр екі жыл сайын Амстердамда ұйымдастырылады және білім алмасу, инновациялық шешімдерді көрсету және іскерлік байланыстар орнату алаңы болып табылады. Іс-шара аясында конференциялар, семинарлар және саланың соңғы әзірлемелері мен трендтеріне арналған презентациялар өткізіледі, сондай-ақ су саласындағы инновациялар үшін марапаттар табысталады.