
Гаага, 2025 жылғы 25 ақпан – Қазақстан Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың Нидерланд Корольдігі Үкіметінің ұлттық үйлестірушісі Рабин Балдеусингхпен кездесуі барысында кемсітушілік пен нәсілшілдікке қарсы күрес тәжірибесімен алмасу мәселелері басты талқыланған тақырыптардың бірі болды. Тараптар қазіргі алуан түрлі қоғамдарда теңдік пен төзімділік қағидаттарын ілгерілетудің маңыздылығын және этноконфессиялық келісімді қолдаудың қажеттілігін ерекше атап өтті.
Осы орайда, Қазақстандағы түрлі этностар мен діни конфессиялардың үйлесімді қатар өмір сүруі, ұлтаралық және конфессияаралық бірлікті нығайту саласындағы нақты жетістіктер сұхбаттастың назарына ұсынылды. Бұл үдерісте биылғы жылы 30 жылдық мерейтойын атап өтетін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше аталып өтті. Биыл Астанада өтетін және Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан, сондай-ақ әлемдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуға ықпал ететін тиімді алаң болып саналатын Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-ші съезіне дайындық мәселесі қозғалды.
Өз кезегінде, Рабин Балдеусингх нәсілдік кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспарында көрініс тапқан және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, мұсылмандар мен басқа да дін өкілдеріне қарсы кемсітушілікпен күресу, рома мен синти халықтарының құқықтарын қорғау, сондай-ақ Нидерландтағы әлеуметтік саясаттың инклюзивті тәсілдерін қамтитын маңызды бағыттарды жүзеге асыратын өзінің маңызды үкіметтік институтының қызметі туралы баяндап, оның міндеттері мен стратегиялық бағыттарын түсіндірді.
Нидерланд тарапы Қазақстан Республикасының 2023 жылы қабылданған Адам құқықтары жөніндегі ұлттық стратегиясының негізгі ережелерімен таныстырылды, бұл стратегия азаматтық құқықтарды қорғауды күшейтіп, кемсітушілікке қарсы күреске бағытталған жаңа шараларды енгізуді қамтамасыз етті. Білім беру мен жастар саясатының ерекше рөлі атап өтілді.
Тараптар осы бағыттар бойынша кең ауқымды және тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдіріп, үздік тәжірибелермен алмасу, сарапшылар кездесулерін ұйымдастыру, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың қолдауымен Нидерланд Корольдігінде және өзге де алаңдарда өтетін форумдарға қатысу мәселелерін талқылады.