
Гаага, 2025 жылғы 20 ақпан – Нидерландтың апаттық тәуекелдерді азайту және жедел көмек мемлекеттік бағдарламасының (DRRS) өкілдері Қазақстан Елшілігіне келіп, төтенше жағдайларға әрекет ету және су ресурстарын басқару саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында Елші Қайрат Әбдірахманов 2024 жылғы сәуірде болған жойқын су тасқындары кезінде Қазақстанға уақтылы көрсетілген қолдау үшін Нидерланд үкіметіне және DRRS сарапшыларына алғысын білдірді. Бұл көмек елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастың жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді, бұл туралы кездесуге онлайн қосылған Нидерландтың Қазақстандағы Елшісі Нико Схермерс те атап өтті. Нидерланд тарапы қазақстандық мамандардың кәсібилігі мен су тасқынының салдарын жою кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігін жоғары бағалады. DRRS сарапшысы, Қазақстанда бірнеше рет болып, оқу курстарын өткізген доктор Фредрик Хутхофф, жергілікті төтенше жағдайлар қызметтерінің үлкен әлеуетін атап өтті.
Қазақстан Елшісі, сондай-ақ, Қазақстанның Нидерландтағы Құрметті Консулы Хенк Ниборға шұғыл әрекеті мен көмегі үшін алғыс білдірді. Оның жедел түрде Қазақстанға келіп, су тасқынына қарсы күреске қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Кездесудің негізгі мәселесі ретінде біздің еліміздің төтенше жағдайларға дайындығын арттыру және су ресурстарын басқару стратегияларын жетілдіруді мақсат ететін үш жылдық ынтымақтастық жоспары талқыланды. Бағдарламаның маңызды аспектілерінің бірі – «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы аясында білім беру бастамаларын іске асыру. Бұл тұрғыда IHE Delft Су ресурстарын басқару институты мен жаңадан құрылған Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасында тығыз әріптестік орнату жоспарланған. Бұл жоба су ресурстарын басқару және апаттық тәуекелдерді азайту саласындағы қазақстандық мамандардың біліктілігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Қос тарап климаттық сын-қатерлерге тиімді әрекет ету үшін жедел және үйлестірілген әрекеттердің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ апаттық тәуекелдерді басқару және су ресурстарын ұтымды пайдалану саласында тұрақты шешімдер әзірлеу мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге дайындығын растады.