Мәжілісте Қазақстан-Нидерланды ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды

Мәжілісте Қазақстан-Нидерланды ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды

12 ақпан, Астана, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николаас Схермерспен кездесті. Тараптар екіжақты, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастық аясындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқылады.

Айгүл Құспан Нидерланд Корольдігі Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақтағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Елдеріміз ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша берік байланыс қалыптастырды.

– Бұған жоғары деңгейдегі тұрақты ынтымақтастық дәлел бола алады. Өткен жылы мамырда Премьер-министр Марк Рютте Астанаға келген еді. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз алдағы уақытта да өзара сыйластық, достық және сенім негізінде дами беретініне сенімдімін, – деді депутат.

Сонымен қатар Айгүл Құспанның айтуынша, өзара қарым-қатынастың саяси маңызды бөлігі – парламенттер арасындағы байланыс. Мәжілісте «Қазақстан – Нидерланды» парламентаралық достық тобы бар. Елші Схермерспен кездесуге қатысқан депутат Максим Рожин – осы достық тобының мүшесі. Ол мәжілісмендер түрлі салада кеңінен заңнамалық тәжірибе алмасу үшін Нидерландымен парламентаралық диалогты жалғастыруға мүдделі екенін атап өтті. Қазақстан үшін Нидерландының ауыл шаруашылығы мен спорт саласы ерекше қызығушылық тудырады.

Николас Схермерс өз сөзінде Қазақстанның Еуропа үшін, атап айтқанда, Нидерланды үшін маңызды серіктес екеніне тоқталды. Ол сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастың негізі адамдар арасындағы байланыс екенін, сондықтан да Елші өз тарапынан достық топтары деңгейінде ынтымақтастықты дамытуға бар күш-жігерін салатынын айтты. 
Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты кеңейту жөнін де талқылады. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы бойынша Қазақстан-Нидерланды комитетінің жұмысы маңызды рөл атқарады. Оның мәртебесін үкіметаралық комиссия деңгейіне көтеру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. 
 
Ақпарат көзі: Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков