
Гаага, 2025 жылғы 31 қаңтар – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экономиканы әртараптандыру және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Бұл бастамалар Нидерланд іскерлік қауымдастығының үлкен қызығушылығын тудырды. Осы және Қазақстан экономикасын дамытудың басқа да стратегиялық бағыттары Гаагада өткен екіжақты бизнес қауымдастығының кезекті отырысында талқыланды. Іс-шараға екі елдің Елшілері, Нидерланд пен халықаралық бизнес және ғылыми-зерттеу ортасының өкілдері, сондай-ақ инвестицияларды ынталандыруға жауапты мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың, шағын және орта бизнестің мүдделерін білдіретін ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Мемлекет басшысының негізгі бастамаларын таныстырып, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету және құқық үстемдігін нығайту үшін стратегиялық басымдықтарды атап өтті. Ол Қазақстан экономикасына сапалы инвестициялар тартуға арналған қосымша ынталандыру шаралары, бюрократиялық кедергілерді қысқарту жөніндегі белсенді жұмыстар мен іскерлік ахуалды жақсарту үшін қабылданатын нақты заңнамалық өзгерістер пакеті туралы жан-жақты баяндады.
Өз кезегінде, Нидерландтың Қазақстандағы Елшісі Нико Схермерс екі ел арасындағы ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы соңғы нәтижелерімен бөлісіп, Қазақстан мен Орталық Азия нарығының бірлескен бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін зор әлеуетке ие екенін атап өтті.
Талқылау барысында қатысушылар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы тауар айналымының 2024 жылы 25%-ға артып, 5,2 миллиард АҚШ долларынан асқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы аса маңызды транзиттік және логистикалық хаб ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанына байланысты инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту мүмкіндіктері және кадрлар даярлау мен адами капиталды дамыту мәселелері талқыланып, білім беру жүйесін экономиканың цифрлануы және серпінді технологиялар дәуірінде инновацияларды дамытуға ықпал ететін ғылыми-зерттеу тәсіліне көшірудің маңыздылығы атап өтілді.
Дәстүрге сай, Нидерланд-қазақстандық бизнес қауымдастығының ауыл шаруашылығы мен жылыжай шаруашылығы, су ресурстарын басқару және өнеркәсіптік жабдықтар өндіру саласындағы мүшелері талқылауға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Дипломатиялық миссиялар шетелдік кәсіпкерлерге, әсіресе қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан нарығына шығуға мүдделі инвесторларға жан-жақты және мақсатты қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін растады.
Іс-шара барысында Қазақстанның Born Bold бастамасы үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстан Елшілігі бұл кампанияны таныстырып, оның негізгі қағидалары, маңызы мен келешегі туралы кеңінен баяндады. Born Bold бастамасының Қазақстанның қарқынды дамуын, оның инвестициялық тартымдылығын және инновацияларға бағытталған стратегиясын айқындайтыны ерекше атап өтілді. Іс-шараға арнайы дайындалған тақырыптық материалдар қатысушыларға жобаның мәні мен стратегиялық маңызын тереңірек түсінуге көмектесті.
Нидерланд-қазақстандық бизнес қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның Нидерландтағы Құрметті консулы Х.Нибоер, Нидерланд кәсіпкерлік агенттігі және Қазақстан Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған бұл кездесу рекордтық қатысушылар санымен ерекшеленді. Іс-шара Қазақстан мен Нидерланд арасындағы серпінді дамып келе жатқан ынтымақтастықты, оны одан әрі кеңейтуге жаңа мүмкіндіктерін және екі елдің өзара экономикалық өсімге деген берік ұстанымын айқын көрсетті.