Қазақстан жыл сайынғы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымына мүше мемлекеттердің кездесуінде өз бастамасын ұсынды

Қазақстан жыл сайынғы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымына мүше мемлекеттердің кездесуінде өз бастамасын ұсынды

Гаага, 2024 жылғы 27 қараша – Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу ұйымындағы (ХҚТҰ) Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов Мемлекеттер конференциясында сөз сөйлеп, осы беделді халықаралық ұйымның, оның ішінде Атқарушы кеңес пен Техникалық хатшылықтың қызметін дәйекті түрде қолдайтынын жеткізді. Қазақстанның Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны орындауға және ортақ мақсатқа – химиялық қарудан азат әлем құруға адалдығы ерекше атап өтілді.

Конференция қатысушыларының назары Қазақстан басшылығының тағы бір жаһандық құжат – Биологиялық қаруға қатысты конвенцияны институционализациялау және Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасына аударылды.

193 мемлекетті біріктіретін ең ірі форумның делегаттарына Қазақстанда химиялық және биологиялық қауіпсіздік, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы мықты заңнаманың әзірленгені және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін ұлттық экспорттық бақылау жүйесінің құрылғаны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, Қазақстан көпжақты экспорттық бақылау режимдеріне, соның ішінде Австралиялық топқа кіру үшін барлық талаптарды орындады және осыған байланысты Қ.Әбдірахманов халықаралық серіктестерді Қазақстанның тиісті өтінішін қолдауға шақырды.

Бұдан бөлек, оның сөзінде ХҚТҰ-ның ғылыми-техникалық прогрестің алдыңғы шебінде болуы керектігі атап өтіліп, осы орайда жаңа сын-қатерлерді мұқият зерттеу және бақылау, сондай-ақ соңғы технологиялық жетістіктерден туындайтын мүмкіндіктерді пайдалану қажеттілігі айтылды. Химия және технологиялар орталығының химиялық заттарды қауіпсіз пайдалану мақсатында жүргізіп жатқан жұмысына жоғары баға берілді, сонымен қатар, осы орталықтың базасында қазақстандық мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру мүмкіндігі бар екені ерекше аталды.

Ұйымның барлық деңгейінде гендерлік перспективаны негізгі элемент ретінде енгізу және ғылым мен технологиялар саласында әйелдерге арналған білім беруді қолдау бағдарламаларын ілгерілету бағытындағы жұмыстарға қолдау білдірілді.

ХҚТҰ-ға мүше мемлекеттердің 29-шы Конференциясы осы аптада ұйымның стратегиялық бағыттары бойынша шешімдер қабылдау үшін өз жұмысын жалғастыратын болады.