
2024 жылдың қазан айында Қазақстанға APM Terminals, Boekestijn Transport Service, CF&S Netherlands B.V., Dieseko Group B.V., Meever&Meever, Van Oord Dredging & Marine Contractors B.V. және Witteveen+Bos сияқты Нидерландтық жетекші көлік-логистикалық компанияларының делегациясының іссапары орын алды. Іссапардың басты мақсаты елдегі инвестициялық ахуалды зерделеу және Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта көлік дәлізі) дамытуға қатысты жобаларды жүзеге асыру аясында ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Елшілігінің белсенді көмегімен делегация мүшелерінің Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және бірқатар қазақстандық логистикалық компаниялардың басшылығымен кездесулері ұйымдастырылды. Делегация мүшелері сондай-ақ Орта көлік дәлізінің негізгі түйіндері – Құрық және Ақтау порттарында болды, онда логистикалық тізбектің тиімділігін арттыру және жүктерді жеткізу уақытын барынша азайту үшін олардың инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.
Іссапардың соңында Астанада Қазақстан-Нидерланд Іскерлік кеңесінің отырысы орын алды. Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов қатысушыларға арнаған бейнеүндеуінде Қазақстан-Нидерланд қарым-қатынасының дамуының оң динамикасын меңзеп, мұндай сапарлар екіжақты серіктестік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың артып жатқанын, сондай-ақ тұрақты даму және логистика бағыттары бойынша екі елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсуі мен өркендеуіне жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Өз кезегінде ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалияқпаров Еліміздің Транскаспий халықаралық көлік бағытының көлік желісін дамыту және жаңғырту бойынша 136 жобаға 21,4 млрд доллар инвестиция салатынын хабарлады. Оның пікірінше, іскерлік кеңестің қызметі екі елдің жоғары жылдамдықты және жеткізу сенімділігімен заманауи, мультимодальды бағытты құруға деген ұмтылысын атап көрсетеді.
Іс-шарада Нидерландтың порттар мен теңіз көлігін басқарудағы мол тәжірибесі атап өтілді, оның жергілікті жағдайларға бейімделуі Қазақстанның халықаралық саудадағы позициясын нығайтуына әкеледі.
Жалпы, бұл іссапар өңірлік байланыстарды нығайтуға, тұрақты өсуді қамтамасыз етуге және Қазақстан-Нидерланд ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектесетін Орта көлік дәлізі бастамаларын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды.