Нидерландтағы қазақстандықтар Ұлттық референдумға қатысу құқығын жүзеге асырды

Нидерландтағы қазақстандықтар Ұлттық референдумға қатысу құқығын жүзеге асырды

Гаага, 2024 жылғы 6 қазан - Бүгін жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-де Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы № 414 референдум учаскесі атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты өз ұстанымдарын білдірем деген Нидерландтағы қазақстандық азаматтарға өз есігін ашты.

Алғашқы дауыс бергендердің бірі - Гаагадағы белгілі компаниялардың бірінде экология және табиғи ресурстарды пайдалану саласында ғылыми зерттеулермен айналысатын PhD ізденушісі Азрет Камалдинов болды. Ол референдумға шығарылған мәселе Қазақстан энергетикасының болашағына ғана емес, елдің экологиялық тепе-теңдігіне де тікелей әсер ететінін, сондықтан оның әрбір азамат үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Сондай-ақ, № 414 учаскесінде ЕҚЫҰ-ның ұлт азшылықтары істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңсесінің қызметкері Әнуар Аязбеков те дауыс берді. Ол плебисциттің өткізілуін тікелей демократия актісінің жарқын мысалы ретінде атап, референдумға қатысу бұл өз елінің мықты әрі тұрақты дамуын көруге ұмтылатын әрбір азаматтың құқығы ғана емес, міндеті екенін меңзеп өтті.

Бұған дейін Нидерландтағы Қазақстанның Құрметті консулы Хенк Нибур Қазақстан Республикасы басшылығының осындай маңызды мәселеде халықтың еркін таңдауын қамтамасыз ету үшін референдум ұйымдастыру туралы шешімінің тарихи маңызын атап өткен болатын. Атап айтқанда, ол атом энергиясын пайдалану климаттың өзгеруіне байланысты ерекше маңызға ие болып отырғанын және «таза» энергия алу үшін алдыңғы қатарлы технологияларды енгізудің қажеттілігін ескеру керек екенін айтты.

Қазақстан Республикасының Елшілігіндегі референдум учаскесіне шамамен 80 азамат келді. Олардың қатарында нидерландтық компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтар, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері және Корольдікке турист ретінде келген азаматтар болды.

Референдумға қатысушылар бір-бірімен және елшілік қызметкерлерімен танысып, бірге ыстық шай мен кофе ішіп, бұл іс-шараға ерекше ұлттық сипат берген дәстүрлі тағамдардың дәмін татып әңгімелесуге мүмкіндік берген олар үшін арнайы құрылған жылы әрі достық атмосфераны атап өтті.