
Нидерланд Сыртқы істер министрлігінде сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырғаннан кейін Қайрат Әбдірахманов алғашқы кездесуін Қазақстанның осы елдегі Құрметті консулы Хенк Нибурмен өткізді.
Әңгімелесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар өзекті мәселелері, соның ішінде ағымдағы жылдың 6-10 қазаны аралығында ірі нидерландтық көлік-логистикалық компаниялар өкілдерінің елімізге сапары талқыланды. Сапар көлік инфрақұрылымы саласындағы бірқатар салалық жобаларға инвестиция тартуға көмектеседі деп күтілуде.
Құрметті консул Қазақстан Республикасы басшылығының еліміздің даму қарқынын күшейту мақсатымен АЭС құрылысы мәселесі бойынша халықтың еркін қалауын анықтауға арналған референдумды ұйымдастыру туралы шешімінің тарихи маңызын атап өтті. Атап айтқанда, Х.Нибур климаттың өзгеруі және «таза» энергия алудың озық технологияларын одан әрі енгізу қажеттілігі тұрғысынан атом энергиясын пайдалану ерекше маңызға ие екеніне аса үлкен назар аударды.
Елші Хенк Нибурға екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді, оның Нидерланд-Қазақстан іскерлік қауымдастығы аясында кездесулерді ұйымдастыруға, сондай-ақ елімізде орын алған көктемгі су тасқыны кезінде су ресурстарын басқару саласындағы сарапшыларды жіберу мәселесімен айналысуға қосқан жеке үлесін атап өтті.
Көлік және логистика, сирек және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеу, ауыл шаруашылығы, медицина және басқа да бірқатар салаларға Нидерландтан инвестиция тартудың маңыздылығы атап өтілді.