Қазақстан мен Нидерланд тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін күш біріктіруде

Қазақстан мен Нидерланд тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін күш біріктіруде

Дүниежүзілік табиғат қорының (WWF) қолдауымен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтің Нидерландыға сапары ұйымдастырылды.

Сапар аясында Нидерланды ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғат Министрлігінің өкілдерімен кездесулер өтті, онда өзара ынтымақтастық, жабайы табиғат популяциясын қалпына келтіру, орман шаруашылығы және көміртегі несиелерін өндіру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, DGB компаниясының өкілдерімен кездесу өтті, ол Қазақстанда Арал өңірінде 10 мың га сексеуіл отырғызу есебінен көміртекті несиелер өндіруді жоспарлап отыр. Тараптар жобаны іске асыру үшін қажетті қадамдарды талқылап, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сапар барысында Қазақстан Республикасының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Нидерландының жабайы жануарларды ұстау орталықтарының арасында жолбарыстарды  өсіру және олардың санын көбейту үшін Қазақстанға өтеусіз беру туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандумға қол қою рәсімінде Қазақстанның Нидерландыдағы Елшісі Асқар Жұмағалиев сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктердің табиғи мекендейтін жерлерін қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтіп, Нидерланд тарапына және WWF-ке Қазақстанды осы күрделі міндетте қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, 2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінде Нидерланд Корольдігінің павильонында WWF мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру жобасын бастау туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

 Жолбарыстарды сәтті реинтродукциялау үшін жолбарыстардың негізгі азығы болып табылатын Бұхар бұғысы, қабан және елік сияқты тұяқты жануарлардың популяциясын қалпына келтіруді қамтамасыз ететін қолайлы экожүйені құру қажет екендігі атап өтілді.

2019 жылдан бастап "Іле-Балқаш" резерватында тұяқты жануарлар мен ормандардың популяциясын қалпына келтіру жұмыстары басталды. WWF және БҰҰДБ қолдауымен бұхара бұғылары, құландар Балқаш өңірінің табиғатына жерсіндірілді, сондай-ақ қабандар мен қарақұйрықтардың саны артты. "Іле-Балқаш" резерваты қажетті материалдық-техникалық базамен және аумақты қорғаумен қамтамасыз етілген, сондай-ақ орман қалпына келтіру және су үнемдеу жобалары іске асырылуда.

Қазақстанда жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы аясында бұл жануарларды әкелу 2025-2030 жылдар кезеңінде жоспарлануда.