
2020 ж. 7 шілдесінде ҚР Нидерландтағы Елшілігі Лейден университеті мен ҚР әдебиет және өнер институтымен бірлесе, Абай Құнанбайұлының нидерланд тілінде қайта басылып шыққан «Қара сөз» кітабының онлайн тұсаукесер шарасын өткізді. Ел арасының алшақтығына қарамастан, ұлы ойшылдың 175-жылдық мерейтойына арналған онлайн шараға Қазақстан мен Нидерландтан қырыққа таяу Абай мұрасын бағалаушылар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан мен Нидерланд Елшілері, Парламент пен голландтық ғылыми орта өкілдері, қазақстандық әдебиет зерттеушілері мен абайтанушы-ғалымдар болды.
ҚР Елшісі Мағжан Ілиясов шараны ашу барысында ғұламаның кітабының голланд тілінде жарық көруі екі ел мәдени ынтымақтастығы тарихындағы айтулы оқиға және басылымның аудармасы голландтық оқырманды қазақ рухани мәдениетімен етене таныстырып, Абай қара сөздерінің пәлсапалық тереңдігі мен сұлулығына жақындата түседі деді.
Аталмыш кітаптың кіріспе сөзінің авторларының бірі, Нидерландтың ҚР Елшісі Андре Карстенс шарада сөйлеген сөзінде, Абайдың ерекше сұлу да бай позиясында оның зияткерлік тереңдігі мен өміршең даналығы шебер ұштасып, мағыналық тереңдігі ауызша позия ауқымынан асып кеткендей. «Абай туындысының аудармасы Нидерланд пен Қазақстан арасындағы мәдени қарым-қатынасты оан әрі дамытуға оң әсерін тигізері сөзсіз»,- деп голландтық дипломат сөзін қорытындылады.
«Абай жолы» романының авторы Мұқтар Әуезовтың немересі, Абайдың голландтық кітабының тәржімасына ерен еңбек сіңірген, Лейден университетінің профессоры Зифа Әуезова тыңдаушыларға ғұламаның өмірлік жолы мен рухани еңбегі туралы терең де жан жақты мағлұмат берді. Ғалымның айтуынша, «Абай еңбектеріндегі адамилық пен ілімге құштарлық қатар ұғымдарға сайып, Қара сөзде ол адамшылық болмысты жақсартуға, адамның жан-жақты дамуына тәлім мен тәрбие, білім мен ғылым арқылы қол жеткізуге болатынын мәлімдейді. Сөз арқылы Абай халқының болашағына қобалжып, оның ертеңгі күнінің жарқын болуын қалайды. Абай шығармалары әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтпай, қазіргі кезде де адамшылық қағидаттарымен үндеседі, - деп тәмамдады З.Әуезова.
Сонымен қатар шарада қазақстандық абайтанушы ғалым, Алматыдағы Мұқтар Әуезов мұражайының директоры Диар Қонаев та сөз сөйлеп, қатысушы қонақтарға Абай руханиятының еуропалық поэзия мен пәлсапамен байланысын әңгімелеп, хәкімнің Спиноза, Сократ, Аристотель, Спенсер, Гете, Байрон мен Шиллер еңбектерімен таныс болғандығын атап өтті.
Шараның жарқын сәттерінің біріне айналған Маастрихт консерваториясының түлегі, опера әншісі Құдайберген Әбілдиннің орындауындағы Абайдың лирикалық «Көзімнің қарасы» әні болды. Тенордың орындауындағы әсем ән тыңдарманның ризашылығына ие болып, монитордың арғы жағынан қошеметке бөленді.
Шараның соңында барша нидерландтық қатысушыларға тұсаукесер кештен естелік ретінде Қара сөздің голландық нұсқасын пошта арқылы үйлеріне жіберу жарияланып, оған қоса кітаптың бірнеше даналары голландтық ірі ЖОО –ның кітапхана қорына өткізіліп, Гаага, Амстердам және Роттердам қалаларының қалалық кітапханаларына табысталатыны мәлімденді.