Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рюттемен кездесті

Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рюттемен кездесті

2024 жылғы 28 мамыр, Астана. Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға жұмыс сапарымен келген Нидерланд Премьер-министрі Марк Рютте кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты кеңейту перспективалары қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің елімізге сапары Астана мен Амстердам арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Марк Рютте екіжақты серіктестік деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Нидерландтың ықпалдастығын одан әрі жандандыру қажет екенін айтты.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ көлік, инновация, атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, климат, су ресурстарын басқару салаларындағы байланыстарды нығайту жолдары егжей-тегжейлі талқыланды.

Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Еуропа Одағымен ықпалдастық аясындағы диалогты жалғастыру маңызды екеніне назар аударылды.

Ақпарат көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-niderland-koroldiginin-premer-ministri-mark-ryuttemen-kezdesti-2844140