Нидерландта «Қазақстан Республикасының көлік саласындағы инвестициялық тартымдылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Нидерландта «Қазақстан Республикасының көлік саласындағы инвестициялық тартымдылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

2024 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Елшілігінің қолдауымен Гаага қаласында ҚР Көлік министрі М.Қарабаевтың Нидерланд Корольдігіне жұмыс сапарының шеңберінде Орта дәлізді дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының көлік саласындағы инвестициялық тартымдылығы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараға Нидерландтағы мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық деңгейдегі компаниялардың басшылары, болу еліндегі дипломатиялық корпус өкілдері мен көлік алаңындағы сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстелде Транскаспий халықаралық көлік бағдарының артықшылықтары мен мүмкіндіктері, жүк тасымалдарын ұйымдастырудағы өзара ықпалдастықтың маңызы мен ТХКБ бойынша тасымалдарды дамытудың негізгі мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасының Көлік министрі М.Қарабаев Орта дәліздің әлеуеті және голландиялық бизнес үшін инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары А.Қапар, «DARRail» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы А.Клим, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы А.Түрікпенбаев, «Semurg Invest» ЖШС бас директоры Н.Марабаев, «Порт Құрық» ЖШС бас директоры С.Ахметов, «YERSAI Seaport» ЖШС бас директоры Ғ.Баймұхамедов тақырып төңірегінде сөз сөйледі.

Іс-шара Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңыздылығын халықаралық серіктестерімізге танытып, әлеуетін ілгерілетуге үлес қосуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, сапар барысында делегация өкілдері Роттердам портындағы Maersk көлік-логистикалық терминалының басшылығымен, Роттердам портының вице-президенті Мэтис ван Дорнмен, Инфрақұрылым және су ресурстары Министрлігінің басшылығымен және де Гаага корпорациясының өкілдерімен кездесулер өткізді.