
Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Амерсфорт маңындағы концлагерьде қаза тапқан түркі тілдес (қазақ, өзбек, әзірбайжан) жауынгерлерін еске алуға арналған конференцияға қатысты.
Бағдарлама аясында Даңқ алаңында экскурсия ұйымдастырылып, Амерсфорт қалалық кітапханасында Ремко Рейдингтің, жазушы Бурханеттин Карлактың және журналист Шариф Ахмедовтың жетекшілігімен дәріс оқылды.
Ісшара аясында Елшілік қызметкерлері қазақ жауынгерлерінің ерлігі және қазақ халқының жеңіске қосқан үлесі туралы ақпаратпен бөлісті. Атап айтқанда соғыс жылдарында қазақ жерінен майданға 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгер аттанғанын, оның ішінде 500 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алғанын хабарлады. Сондай-ақ соғыс барысын өзгерткен Бауыржан Момышұлы, Панфилов дивизиясы, Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова сынды қазақ батырларының жеңіске жетуде шешуші рөл атқарғанына мән берді. Оған қоса, Рейхстагқа жеңіс туын алғаш тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың батылдығы туралы хабарлады.
Еліміздің экономикасы әскери қажеттіліктерге бағытталып, қайта құрылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан армияны қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды. 10 оқтың 9-ы қазақ қорғасынынан құйылып, Елімізден майданға 1500-ден астам вагон киім-кешек пен тамақ жолданды. Яғни, жеңіске жетуге қосқан үлесіміз айқын болды».
Өз баяндамасында Елшілік қызметкерлері жалпы Еліміздің тарихына қысқа шолу өткізді. Осылайша, Алаш қайраткерлерінің мұрасы талқыланды, тарихымыздағы батырлардың ерлігі туралы сөз қозғалды, оның ішінде Мысырда билік құрған Сұлтан Бейбарстың жалпы түркі қауымына маңыздылығы бөлек бір тақырыпа айналды.
Ісшара соңында Елшілік өкілдері Амерсфорт кітапханасына Абай Құнанбаевтың «Қара сөздер» кітабын, Шоқан Уәлихановтың шығармашылығына арналған кітапты және елордамыз Астана туралы басылымдарын сыйға тартты.
Іс-шара Амерсфортта жерленген жауынгерлерді жыл сайын еске алу шарасын өткізу туралы келісіммен аяқталды.