ҚБТУ теңіз академиясының кадеттері ұзақ сапардан соң Қазақстанға оралды

ҚБТУ теңіз академиясының кадеттері ұзақ сапардан соң Қазақстанға оралды

Гаага, 3 сәуір - ҚБТУ теңіз академиясының Атлант мұхитында тәжірибелік жүзу дәрістерінен өткен 24 кадеті елімізге оралды.

 

Роттердам теңіз мектебінің қолдауымен ұйымдастырылған «Eendracht» (Эйндрахт) желкенді кемесіндегі кадеттердің оқу-әдістемелік тәжрибесі 16 ақпанда Кариб теңізіндегі Сент-Мартен аралынан басталды. Оқу кестесіне сай, топ Атлант мұхиты арқылы Азор аралдарына жүзіп барып, 16 наурызда Қазақстанға оралуы жоспарланған болатын. Алайда COVID-19 індетінің жаппай таралуының салдарынан халықаралық әуеқатынасы тоқтатылып, кадеттердің Азор аралдарында қалып қою қаупі туындады.

 

Жағдайды ескеріп, топ Азор аралдарынан Атлант мұхиты арқылы Еуропа құрлығына жүзуін жалғастыруды және кемені Роттердам портындағы тіркелген орнына жеткізуді ұйғарды.

 

Екі аптаға созылған жүзу барысында, кеме желкендердің жыртылуы мен жанармайдың таусылуына әкеліп соқан он екі балдық қауіпті дауылға ұшырайды. Кеменің нидерландтық экипажы қазақстандық кадеттердің рухының беріктігін және ауызбіршілікпен бірлесе қолдау көрсеткендерін ерекше атап өтті.

 

ҚР Нидерландтағы Елшілігі кадеттердің елімізге оралуын ұйымдастырып, топтың Шенген визаларын ұзартуға қол ұшын берді. Сонымен қатар Франция және Бельгиядағы елшіліктеріндегі әріптестерімен Еуропалық Одақ енгізген шекаралық шектеулер жағдайында топты репатриациялауға қатысты мәселелерді бірлесе шешті.

 

1 сәуірде қазақстандық кадеттер Амстердамға жеткізіліп, қонақ үйге орналастырылды. Топпен кездесу барысында ҚР Нидерландтағы Елшісі М.Ілиясов індет кезінде Атлант мұхитында қолайсыз ауа райы жағдайында қалған Қазақстан кадеттерін аман-есен елге қайтару ауызбіршілік пен бірлескен қолғабыстың ерекше көрсеткіші болды, - деп атап өтті. Барлық атқарылған жұмыс Елшілік, ҚР СІМ мен ҚБТУ басшылығының ұйымдасуының нәтижесінде жүзеге асты. Бір ерекшелігі, желкенді кеменің голланд тіліндегі «Эйндрахт» деген атауы қазақ тіліне «бірлік» деп аударылады.

 

Бүгін кадеттер Air Astana әуекомпаниясы арқылы Амстердамнан елімізге аман есен оралды.

 

#BizBirgemiz