Жұмағалиев қазақстандықтарға арналған жаңа туристік бағытқа жол ашпақ

Жұмағалиев қазақстандықтарға арналған жаңа туристік бағытқа жол ашпақ

Гаага, 2022 жылғы 1 желтоқсан - Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиев ең танымал туристік аралдардың бірі – Аруба аралының Өкілетті министрі Хуан Тайсенмен кездесті.

«Аруба дегенде алдымен ойымызға оралатыны – оның аппақ жағажайы, әдемі рифтері мен күлгін қоқиқаздары. Көптеген қазақстандықтар бұл орынды Instagram әлеуметтік желісінен көрген. Сондықтан, біз үшін Аруба туристік бағыт ретінде өте қызықты», - дейді арал басшылығымен кездескен Нидерландтағы Қазақстан елшісі.

Асқар Жұмағалив Арубаның Өкілетті елшісі Хуан Тайсенге туризм саласында ынтымақтастық орнату туралы ұсыныс айтты.

«Менің ойымша, бұндай өзара іс-қимыл екі ел арасындағы жолаушылар ағыны мен мәдениетке жақсы әсер етеді», - деп толықтырды сөзін елші.

Өз кезегінде Арубаның өкілетті елшісі бұл мүмкіндікті жоғары бағалап, ынтымақтастық орнатуға болатын, болашағы зор тағы бір саланы атады, ол – әрине ауыл шаруашылығы саласы.

Сонымен қатар, Хуан Тайсен Қазақстандағы электронды үкімет, яғни, жемісті жұмыс істеп тұрған Egov қызметіне қызығушылық танытты.

Жуық арада тараптар келіссөздерді одан әрі жалғастырады.  Айта кетейік, Аруба аралы өзінің аппақ жағажайы арқылы, мөлдір таза суы арқылы танымал арал. Ал, аралға келгендердің ең қызығатыны – бұндағы әдемі қоқиқаз құстары.