Асқар Жұмағалиев халықаралық құқық Академиясының басшысымен кездесті

Асқар Жұмағалиев халықаралық құқық Академиясының басшысымен кездесті

Нидерландтағы Қазақстан Елшісі Асқар Жұмағалиев The Hague Academy of International Law (Гааганың халықаралық құқық академиясы)  бас хатшысы Жан-Марк Тувенинмен кездесту өткізді.

«Біздің еліміз Нидерландтағы үздік ЖОО-лармен белсенді ынтымақтастық орнатқан. The Hague Academy of International Law беделді оқу орны және біздің студенттер әлемдегі ең мықты тәжірибелі мамандардан сапалы білім алады дегенге сенемін», - деді кездесу кезінде А.Жұмағалиев.

Дипломат Erasmus University университетімен орнаған ынтымақтастықты мысалға алды. Бұл жоғарғы оқу орнымен қол жеткен келісімге сай, қазақстандық студенттер «Болашақ» бағдарламасы аясында ғана үздік әлемдік медицина мамандарынан білім алып қоймай, қысқа мерзімді тәжірибе мен курстардан өте алады.

Халықаралық құқық Академиясының басшысы бұл мәселеге қолдау танытып, қазақстандық студенттер үшін бірнеше курстардың нұсқасын ұсынды.

«Бізде Жазғы және Қысқы курстар бар. Олардың ұзақтығы – 3 апта. Біздің лекторлар әлемнің әртүрлі елдерінен келген танымал профессорлар, халықаралық тәжірибесі мол заңгерлер. Оның үстіне, біздің студенттер соттармен әңгімелесіп, оларға сұрақ қоя алады. Біздің академия шын мәнінде халықаралық құқық саласындағы флагман болып есептеледі», - деді Академия басшысы Жан-Марк Тувенин.

Кездесу соңында тараптар бір-біріне кітап сыйлады. Асқар Жұмағалиев Тувенин мырзаға нидерланд тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздерін» сыйға тартса, Академия басшысы біздің елшімізге академияның профессоры Джордж Берман жазған «Халықаралық арбитраж және халықаралық жекеменшік құқық» атты кітапты сыйға тартты.