
Амстердам, 2022 жылғы 14 маусым - Республикамызда жылыжай секторын дамыту жаңа қарқын алып келеді. Алға қойған мақсатқа жету үшін Қазақстан жылыжай шаруашылығын ұйымдастырудағы Нидерланд Корольдігінің жоғары технологиялы шешімдерін енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы Амстердамда өткен GreenTech халықаралық көрмесі кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлім етті.
«Қазақстанда жылыжай бағытын дамытуға өте көп мүмкіндік бар. Бізде күн энергиясын пайдалануға да болады, жайылымды қоспағанда, 25 млн егістік жерлері бар. Мүмкіндік өте көп. Қазақстан халқы аламын десе жылыжай үшін бір гектарға дейін жер ала алады. Бұл отбасын ғана асырап қоймай, сыртқа сатып, табыс табуға да жететін жер көлемі. Әрбір қазақстандықтың осындай мүмкіндігі бар (бау-бақшамен айналысу үшін қазақстандықтар мемлекеттен бір гектар жерді жалға ала алады). Сондықтан, біздің мүмкіндігіміз өте зор, соны пайдалана білу керек. Жылыжай шаруашылығы жақсы дамыған елдердің тәжірибесіне зер салу керек», - деді Ә.Тамабек жылыжайды басқару мен дамыту саласында Нидерланд Корольдігі көш бастап отырғанын атай келе.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қазақстанның делегациясын басқарып келген. Делегация құрамында салалық ведомство өкілдерінен басқа, Нидерландтың бағбандарымен іскерлік байланыс орнатуға мүдделі он бес шақты отандық кәсіпкер бар.
GreenTech week көрмесіне келген делегаттар азық-түлікті қауіпсіз өндіруге мүмкіндік беретін жылыжай саласындағы озық және жоғары технологиялармен таныс болады. Олар сондай-ақ бірқатар голландық жылыжай кәсіпорындарын аралап көрмек. GreenTech week 12-17 маусым аралығында өтіп жатыр. Іс-шаралардың қорытындысы бойынша GreenTech week көрмесіне қатысқан елдер арасында ынтымақтастық туралы екіжақты келісімшарттарға қол қойылады деген жоспар бар.
Айта кетейік, делегацияның сапарын «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесе Нидерландтағы Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған.