
Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Асқар Жұмағалиев Нидерланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Дін және сенім жөніндегі арнайы өкілі Йос Даумамен кездесті.
Кездесу барысында А.Жұмағалиев Й.Дауманы Қазақстанның конфессияаралық келісім және өркениетаралық диалогты ілгерілетудегі қызметі, сондай-ақ 2022 ж. 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі туралы хабардар етті.
Әңгімелесу барысында тараптар мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар мен діни бірлестіктер қызметінің өзекті мәселелерін талқылады.
Айта кету керек, ресми деректер бойынша Корольдік тұрғындарының 54,1%-дан астамы агностиктер немесе атеистер, 20,1% - католиктер, 14,8% - протестанттар, 5% - ислам дінін ұстанушылар, 6% - басқа дінді ұстанады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Қазақстанда 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Съездің негізгі миссиясы әлемдік және дәстүрлі дін нысандарындағы жалпы адамзаттық бағдарларды іздестіру, сондай-ақ діндер диалогын жүзеге асыру және келісілген шешімдер қабылдау үшін тұрақты әрекет етуші халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуі болып табылады.