
Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Асқар Жұмағалиев Роттердам Исламдық қолданбалы ғылымдар университетінің ректоры, Ислам құқығының атақты ғалымы Ахмет Ақгүндузбен кездесті.
Кездесу барысында А.Жұмағалиев А.Ақгүндузге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының Басшысы М.Әшімбаевтың атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің жұмысына қатысуға ресми шақыруды табыстады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Роттердам Исламдық қолданбалы ғылымдар университеті арасындағы ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілету мәселелерін талқылады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Қазақстанда 2003 жылдан бері өткізіліп келеді. Съездің негізгі миссиясы әлемдік және дәстүрлі дін нысандарындағы жалпы адамзаттық бағдарларды іздестіру, сондай-ақ діндер диалогын жүзеге асыру және келісілген шешімдер қабылдау үшін тұрақты әрекет етуші халықаралық конфессияаралық институттың жұмыс істеуі болып табылады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөлі» 2022 ж. 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.