Нидерландта Наурыз мейрамы ыстық ықыласпен тойланды

Нидерландта Наурыз мейрамы ыстық ықыласпен тойланды

Көктемнің келуімен бәрі өзгере бастайды. Осылайша, Қазақстанның Нидерландтағы Елшілігі Әзірбайжан, Түркия және Өзбекстан елшіліктерімен бірлесіп, ERG қолдауымен, пандемиядан кейін алғаш рет Гаага қаласында көктем мерекесі – Наурыз мейрамын ұйымдастырды. Вестбрукпаркте ашық аспан астында Нидерланд және көршілес Бельгияның түкпір-түкпірінде тұратын жүздеген қазақстандықтар, голландиялық достары мен серіктестері, сондай-ақ ТМД елдерінен келген қонақтар жиналды.

Жиналғандар алдында Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Асқар Жұмағалиев құттықтау сөзін сөйледі.

«Мен бұл күнді сіздермен бөліскеніме өте қуаныштымын. Наурыз – біз үшін ерекше мереке. Наурыз – жаңа бастамалар мерекесі. Жаңа жылдың басы, жаңа үміт және Жаңа Қазақстан. Баршаңызға бейбіт аспан, шаңырақтарыңызға ынтымақ пен береке тілеймін», - деді Елші.

Құттықтау сөзіне оның әріптестері де қосылды: Түркия Елшісі Сабан Дисли, Өзбекстан Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Равшан Маматов және Әзербайжан Елшілігінің Бірінші хатшысы Сабина Садигли.

Іс-шараның құрметті қонағы ретінде ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов қатысты.

Еуропаның әр түрлі елдерінен арнайы келген отандастарымыз, опера әншісі Әйгүл Шәмшіденова, халықаралық конкурс лауреаты, домбырашы Есенғали Құмаров, Льеж қаласының Корольдік консерватория студенті, скрипкашы Нәзікгүл Жаназарова өздерінің шығармашылық көрсетілімдерін аудиторияға тарту етті.

Әсіресе, «Қошақаным» әнін орындаған және «Қара жорға» биін билеген қазақстандық бүлдіршіндерінің өнері думанды қошеметке бөленді. Сонымен қатар, Қазақстан Елшілігі қонақтар үшін асық ату, тоғыз құмалақ және арқан тарту – ұлттық ойындары бойынша турнир өткізді. Мерекені естелік суретке түсіргісі келетіндер үшін ұлттық нақыштағы қазақ халқының тұрмыстық заттары салынған киіз үй фотоаймағы ұйымдастырылды. Қонақтар камзол мен шапан киіп, кеседен шай ішіп, ұлы Абайдың қара сөздерімен танысты.

Қонақтарға дастархан ретінде наурыз көже, палау, бауырсақ, самса, чак-чак, қымыз, айран, жент және т.б. қазақ тағамдары ұсынылды.

Іс-шараға келген голландиялықтар алғаш рет қазақ тағамдардың дәмін көріп жоғары бағалаған болатын. Сондай-ақ Қазақстанға келіп, қазақ мәдениетімен және дәстүрлерімен жақынырақ танысуға ниет білдірді.

Іс-шараның сәтті өтуіне түсініктеме бере отырып, ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары Қ.Әбдірахманов атап өтті: "Халықаралық қызметкер ретінде елімнің осындай жоғары деңгейде іс-шараны ұйымдастырғанына өте қуаныштымын. Наурыз мейрамы ауызбіршілікпен, бірлікпен, бейбіт қатар өмір сүрумен бірлеседі. Бүгінгі таңда маған ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары ретінде осы нақты мысалдар арқылы халықаралық қоғамдастыққа, сондай-ақ Нидерланды қоғамына біздің көпұлтты, көпконфессиялы қоғамдарымыздың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етудің қаншалықты қажетті екенін көрсету өте маңызды. Бұл мерекенің мақсаты орындалды деп ойлаймын.

Мәдениетіміздің байлығын және салт-дәстүрлерінің тереңдігін көрсету арқылы бүгінгі таңда қоғамдық өміріміздегі терең өзгерістерге байланысты реформалар жолында екенімізді көрсету өте маңызды. Осы ретте, құттықтау сөзімде қазақстандықтарды Жаңа Қазақстан үшін бірге адал еңбегімізбен қызмет етуге шақырдым".