
Қазақстанның Нидерландыдағы Елшілігі мен «Kazakh Invest», АҚ Dutch Greenhouse Delta компаниясының қолдауымен екі елдің агроөнеркәсіптік бизнесінің 30-ға жуық өкілінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шара барысында Қазақстанның Нидерланды Корольдігіндегі Елшісі Асқар Жұмағалиев Нидерландының Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы рөлін жоғары бағалады.
«Өткен жылы біз ауыл шаруашылығымен айналысатын 70-тен астам нидерландтық компанияны араладық. Біз олардың ресурс үнемдейтін соңғы технологияларымен, менеджменті және экспорттық стратегиясымен таныстық, бұл кешенді түрде саланы дамыту бойынша жоғары нәтижелерге әкелді.. Нидерландтық тәжірибе ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілген Қазақстан экономикасын әртараптандырудың маңыздылығын тағы да растайды», - деді Асқар Жұмағалиев дөңгелек үстел барысында.
Сондықтан Елшілік жұмысында өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті зор Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне нидерландтық инвестициялар мен технологияларды тартуға көп көңіл бөлінеді.
Елшінің айтуынша, өткен жылы нидерландтық ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты жаңа рекордқа жетіп, 104,7 млрд. еуроны құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 9,4%-ға артық. Бұл көрсеткіштердің негізінде, Асқар Жұмағалиев атап өткендей, шаруалардың ғана емес, сонымен қатар IT мамандарының, сауда компанияларының, фитосанитариялық инспекторлардың және Нидерландының Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы министрлігінің қажырлы еңбегі жатыр.
«Біз Нидерландының аграрлық секторды дамытудағы тамаша нәтижелерін көріп отырмыз. Сондықтан екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайта отырып, Қазақстан агроөнеркәсіп кешеніндегі Нидерландының озық тәжірибесін алуда», - деп қосты А.Жұмағалиев.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, 2021 жылдың 9 айында Нидерландыдан тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 5,4 млрд. АҚШ долларын құрады.
Іс-шара барысында, қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін, А.Жұмағалиев Food Ventures Бас директоры Дирк Алеванға «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» құрметіне мерейтойлық медальді салтанатты түрде табыс етті.
Нидерландтық Food Ventures компаниясы жылыжай көкөністерін өндірумен, сондай-ақ әлемдік стандарттағы жоғары технологиялық жылыжайлар салумен айналысады. Бүгінгі таңда компания Ақтөбе облысында жалпы көлемі 10 гектар жылыжайларды сатып, 180 жұмыс орнын құрып, жылына 6 мың тоннаға жуық көкөніс өсіреді.