Қазақстан Елшісі Роттердам портының әкімшілігімен қазақстандық тауарлардың үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

Қазақстан Елшісі Роттердам портының әкімшілігімен қазақстандық тауарлардың үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

Гаага, 2022 жылғы 10 наурыз – Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі А.Жұмағалиев Роттердам порты әкімшілігінің Бас директоры Аллард Кастелейнмен онлайн кездесу өткізді.

Сұхбат барысында А.Қастелейн Қазақстанның Украинадағы жағдайға байланысты ұстанымы туралы, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың украиндық тарапқа гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімі жайлы хабардар етілді.

Қазақстан Елшісі ресейлік-украин дағдарысына орай қазақстандық тауарлардың Роттердам порты арқылы үздіксіз өтуін қамтамасыз ету маңыздылығын атап өтіп, ҚР-дың логистика саласында атқарып жатқан жұмысына тоқталды.

Өз кезегінде А.Кастелейн қазақстандық жүктерді Роттердам порты арқылы қабылдау/жөнелтуде проблемалар жоқ екенін, әрі жүк транзиті бойынша соңғы уақыттарда туындап жатқан мәселелердің барлығы арнайы құрылған жұмыс тобы шеңберінде қарастырылатынын атап өтті.

Сұхбаттас ҚР Елшісінің порт және қазақстандық серіктестер арасындағы көлік-логистика саласы бойынша екіжақты үйлесімділікті жақын арада жолға қоюға қатысты ұсынысына қолдау білдірді.