Нидерландыда Қазақстанда сүт фермасын салу мүмкіндігі талқыланды

Нидерландыда Қазақстанда сүт фермасын салу мүмкіндігі талқыланды

Қазақстанның Елшісі А. Жұмағалиев Floating farm компаниясында болып, бас директор Питер ван Вингерденмен кездесті. Кездесу барысында тараптар сүт және сүт өнімдерін өндірудегі жаңа технологиялар мен Қазақстанда жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Бұл тауарлы-сүт фермасының бірегейлігі - суда орналасуында. Компания оның «қалқымалы» фермасы әлемде бірінші болып табылатынын атап өтті. Ғимараттың өзі үш деңгейден тұрады: төменгі бөлігінде (су деңгейінен төмен) ірімшік зауыты мен сүт өнімдерін сақтайтын қойма, екінші қабатта сүт жиналып, әртүрлі сүт өнімдері шығарылады, үшінші қабатта. сиырлар жайғастырылған. Сонымен қатар, ферма күн батареяларынан қуат алады және жаңбыр суын жинайтын резервуарлары бар, ол фильтрден өткізіліп, сиырларға ішуге беріледі. Сондай-ақ компания «қалқымалы» ферманың айналмалы егіншілік екенін, сиырлардың диетасының көпшілігі қаладан келетін органикалық қалдықтардан тұратынын атап өтті. Мысалы, сиырларға Роттердамдағы бірнеше сыра қайнату зауыттарынан сыра дәні, Схидам жел диірмендерінен кебек, жақын маңдағы спорт алаңдарынан шөп және жергілікті өңдеуші картоп қабығы беріледі.

Қазақстан Елшісі мал шаруашылығы, оның ішінде сүт және сүт өнімдерін өндіру үкіметтің назарында екенін атап өтті. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясының шеңберінде шаруа қожалықтарына мал сатып алу үшін несиелендіру көлемін ұлғайтуды, жемшөп өндіруді ынталандыруды, мал шаруашылығы мен жайылымдар инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ жасанды ұрықтандыруды және эмбриондарды трансплантациялауды қоса алғанда, заманауи асылдандыру әдістерін енгізуді ынталандыру көздеп отыр.

Сондай-ақ, қазақстандық тарап елдегі сүт өнеркәсібінің әлеуеті, мемлекеттік қолдау шаралары мен өткізу нарықтары туралы хабардар етті, сонымен қатар жергілікті бизнестің сүт және сүт өнімдерін өндіруде ынтымақтастыққа дайындығын атап өтті.

Компания өкілі Қазақстанда өндірісті құруға және тұрақты сүт шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуге мүдделілік танытты.