Гаага, 2022 ж. 7 ақпаны - ҚР-дың Нидерландтағы Елшісі А.Жұмағалиев Нидерланд Өнеркәсіп және жұмыс берушілер конфедерациясының төрағасы Ингрид Тайсенмен (VNO-NCW) кездесті.
Әңгіме барысында А.Жұмағалиев сұхбаттасты Алматыдағы «қаңтар қасіретінен» кейінгі жағдай толық тұрақтанғаны, ел басшылығының халықты әлеуметтік қорғауды нығайту бойынша қабылдаған шаралары, құрылымдық реформалар, сондай-ақ Қазақстандағы нидерландтық және шетелдік инвесторлар құқықтарының мызғымастығы туралы хабардар етті.
VNO-NCW басшысы Қазақстандағы жағдай қалыпқа келгеніне және Нидерландтың Қазақстан экономикасына салған салымдар көлемі бойынша (шамамен 100 млрд АҚШ долл.) жетекші шет мемлекет ретіндегі ұстанымын ескере отырып, қазақстандық тараптың инвестициялар саласындағы халықаралық міндеттемелерге деген жауапкершілігіне қанағаттанатынын айтты.
Нидерландтың жаңа коалициялық үкіметінің түпкілікті қалыптастырылуы аясында НК Сыртқы сауда министрі бастаған Нидерланд бизнесі өкілдерінің Қазақстанға жоспарланған сапарын ұйымдастыру бойынша ұйымдастырушылық және мазмұндық мәселелер қаралды.
Кездесу соңында И.Тайсенге Абайдың нидерланд тіліне аударылған «Қара сөздер» кітабы табысталды.
Анықтама: VNO-NCW нидерландық жұмыс берушілердің құрамына экономиканың түрлі саласындағы 185 мыңнан астам кәсіпорын кіретін ірі федерациясы болып табылады. Конфедерация бейресми түрде «голланд бизнесінің дауысы» деп аталады, әрі жергілікті кәсіпкерлердің ортақ мүдделерін ел ішінде де, шетте де білдіріп, өз мүшелеріне түрлі қызметтер көрсетеді.