Асқар Жұмағалиев Еуропалық ғарыш агенттігімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Асқар Жұмағалиев Еуропалық ғарыш агенттігімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Гаага, 2021 жылғы 11 қараша – Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшісі Асқар Жұмағалиев Еуропалық ғарыш агенттігінің (ESA) Еуропалық ғарыштық зерттеулер мен технологиялардың орталығына (ESTEC) аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін іс-сапармен барды.

ESA технологиялар, инжиниринг және сапа жөніндегі директорымен және де ESTEC басшысы Франко Онгаромен кездесу барысында осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды аспектілері талқыланды. Атап айтқанда, А.Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ESTEC арасында Қазақстан Республикасында аэроғарыштық аппараттарды құрастыру, тәжірибе және білім алмасуды ұйымдастыру, сондай-ақ жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу бойынша өзара әрекеттесуді ұсынды.

Сапар барысында Елшілік өкілдері ағымдағы технологиялық жобалармен, озық әзірлемелермен, ESA-ның даму жоспарларымен, сондай-ақ ESTEC құрастыру және сынақ алаңдарының жұмысымен танысты.

Нидерландтың Нордвейк қаласында орналасқан Еуропалық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы (ESTEC) Еуропалық ғарыш агенттігінің ғарыш аппараттары мен ғарыштық технологияларын әзірлеу және сынау жөніндегі негізгі және ең ірі орталық болып табылады. ESTEC-те ондаған ғарыштық жобаларда 2000-нан астам маман жұмыс істейді.