
Гаага, 2021 жылғы 31 қазан – Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің өкілдері Солтүстік Брабант провинциясында бірқатар кездесулер өткізді. Сапар аясында Лаарбек муниципалитетінің мэрі Франк ван дер Мейденмен және өңірдегі бірқатар компаниялармен кездесулер ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, делегация «Swinkels Family Brewers» (сыра өндірісі), Kusters Goumans (медицина, аэроғарыш және өнеркәсіп салаларында құрал-жабдықтарды өндіруге арналған механикалық бөлшектер шығару), «Formula Air» (өнеркәсіптік желдету жабдықтарын өндіру), Brainport Eindhoven (Солтүстік Брабант провинциясындағы 21 муниципалитеттің ғылыми мекемелерінің, бизнестің және мемлекеттік органдардың бірлестігі, инновациялық стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер ұйымдастырады) сынды өндірістік нысандарын аралады.
Кездесу барысында елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды аспектілері талқыланып, Қазақстан мен Солтүстік Брабант провинциясының іскерлік өкілдері арасындағы байланысты орнату туралы келісімге қол жеткізілді.