
Глазго, 2021 жылғы 2 қараша. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның Негіздемелік конвенциясының Тараптар Конференциясының 26-шы сессиясына қатысу үшін, Глазго қаласына жұмыс сапары аясында, Премьер-Министрі Асқар Мамин Нидерланд Премьер-Министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді.
Үкімет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, дәстүрлі және баламалы энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Мамин Қазақстан мен Нидерланды арасындағы сауда және инвестиция айналымының жоғары серпінін атап өтті. Биылғы жылдың 8 айында елдер арасындағы тауар айналымы 42,8%-ға өсіп, 3,2 млрд. АҚШ долларды құрады.
Нидерланд Корольдігі Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы болып табылады. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Нидерландтан Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициясының көлемі 24,5%-ға өсіп, 3,3 млрд. АҚШ долларды құрады. 2005 жылдан бері Нидерландтың Қазақстандағы ТШИ көлемі 100 млрд. АҚШ доллардан асты.
Қазақстанда Нидерланд капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, олар экономиканың энергетика, машина жасау, құрылыс, көлік-логистика және агроөнеркәсіптік секторларында жұмыс атқарады.