
Қазақстанның Нидерландағы Елшісі Асқар Жұмағалиев Роттердам Портына іс-сапармен барды. Бұл сапар Shell вице-президенті Джоанна Кунсбергпен кездесудің жалғасы аясында өтті. Сапар барысында қазақстандық делегация порт инфрақұрылымымен және оның ел экономикасындағы маңыздылығымен танысты. Жалпы Роттердам Порты - бұл 50 шақырым дамыған логистикалық және өнеркәсіп инфрақұрылым, оның үлесі Нидерланды экономикасының жалпы ішкі өнімінің 6% құрайды. Кездесу барысында тараптар мұнай-химия саласын дамыту мәселелерін талқылауға ерекше назар аударды, себебі бүгінгі күні аталған сала елдің ЖІӨ-нің 3,5%-ын құрайтын және негізінен Роттердам Портында орналасқан. Кездесу барысында Порт басшылығы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға және мұнай-химия саласындағы жобаларды іске асыруда Қазақстан Республикасымен бірге іс-шаралар атқаруға дайын екендіктерін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Асқар Жұмағалиев пен Джоанна Кунсберг Қазақстан мен Shell арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік мәселелерін талқылады. Джоанна Кунсберг елшілік өкілдеріне Shell компаниясының жаңартылған даму стратегиясын таныстырды. Оның шеңберінде мұнай-химия саласын белсенді дамыту, сондай-ақ Париж келісіміне сәйкес «жасыл энергия» тұжырымдамасын іске асыру көзделген. Атап айтқанда жер атмосферасына көмірқышқыл газының шығындарын нөлдік көрсеткішке жеткізу жоспарланып отыр.
Осыған орай, Елші «жасыл энергетика», мұнай-химия және газ өнеркәсібі жобаларын іске асыру арқылы ынтымақтастықты әртараптандырудың жолдары туралы ұсыныс жасады.
Анықтама үшін: Париж келісімі - 2020 жылдан бастап атмосферадағы көмірқышқыл газының құрамын азайту жөніндегі шараларды реттейтін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі шеңберлік конвенциясы шеңберіндегі келісімі. Келісім Париж климаттық конференциясы кезінде дайындалып, 2015 жылдың 12 желтоқсанында консенсуспен қабылданды және 2016 жылдың 22 сәуірінде қол қойылды.