GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Бас консулдық туралы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпараты
Все материалы
16 октября 2026
Гуанчжоуда халықаралық іскерлік мәдениет фестивалі өтті

Гуанчжоу, 2026 жылғы 16 қазан – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Валихан Сарсембеков Гуандун өлкесінің Импорт және экспорт жөніндегі сауда палатасының құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған Халықаралық іскерлік мәдениет фестиваліне қатысты.
Іс-шараға Гуанчжоу аудандарының басшылары, қалада аккредиттелген Бразилия, Италия, Нигерия, Непал және Ресейдің бас консулдықтарының өкілдері, халықаралық сауда-өнеркәсіптік қауымдастықтар мен Гуандун өлкесінің іскер топтары қатысты.
Фестивальдің ашылуында Сауда палатасының президенті У Шаовэй сөз сөйледі. Ол фестиваль консулдық мекемелер, қауымдастықтар мен кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнатуға арналған алаң қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, іскерлік кездесулерді ұлттық мәдениеттердің таныстырылымдарымен ұштастыру өзара түсіністікті нығайтып, ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Валихан Сәрсембеков Сауда палатасын 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға және Гуандун кәсіпорындарының халықаралық нарықтарға шығуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Гуандун өлкесімен және Гуанчжоу қаласымен сауда-экономикалық, инвестициялық, логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Фестиваль «Халықаралық нарықтарға экожүйелік шығу» тақырыбымен өтті. Бағдарлама аясында ашылу салтанаты, іскерлік кездесулер, сауда-экономикалық таныстырылымдар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық
15 октября 2026
Гуанчжоуда 140-шы Кантон жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті

Гуанчжоу, 2026 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының өкілдері Қытай импорт және экспорт тауарларының 140-шы жәрмеңкесінің ашылу салтанатына қатысты. Іс-шараға ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян, ҚХР Сауда министрі Ван Вэньтао, Қытай Коммунистік партиясы Гуандун провинциялық комитетінің хатшысы Хуан Куньмин және Қытай басшылығының басқа да өкілдері қатысты.

ҚХР Сауда министрі Ван Вэньтао ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтау хатын оқып берді. Хатта жәрмеңкенің халықаралық сауданы дамытуға және Қытайдың ашықтығын ілгерілетуге қосқан үлесі атап өтілді. Көпжақты сауда жүйесін қолдау, жаһандық өндірістік және жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту басым бағыттар ретінде көрсетілді.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян негізгі баяндамасында нарықтар арасындағы өзара байланыс жаңа мүмкіндіктер туғызатынын, сауданы халықтың әл-ауқатына қосқан үлесі тұрғысынан бағалау қажеттігін және берік әріптестік теңдік пен өзара тиімділікке негізделуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қытайдың ішкі нарықты кеңейту, шетелдік кәсіпорындар үшін жағдайды жақсарту және халықаралық сауда ынтымақтастығын қолдау ниетін білдірді.

Салтанат аясында Дүниежүзілік сауда ұйымы мен бизнес өкілдері сөз сөйледі. Олар жәрмеңкенің халықаралық іскерлік байланыстарды, бірлескен инновацияларды және өндірістік тізбектер саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы рөлін атап өтті.

Анықтама: Кантон жәрмеңкесі 1957 жылдан бері өткізіліп келеді. Ағымдағы сессияның көрме бөлігі 15 қазан мен 4 қараша аралығында үш кезеңмен өтеді. Көрменің жалпы аумағы 1,55 млн шаршы метрді құрайды. Жәрмеңкеге шамамен 32 мың кәсіпорын қатысады.

12 октября 2026
Қазақстан мен Қытай зияткерлік спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Гуанчжоу, 2026 жылғы 12 қазан – Қазақстан вэйци қауымдастығы мен Қытайдың Гуандун провинциясының вэйци қауымдастығы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа Гуандун провинциясы вэйци қауымдастығының президенті, Қытай вэйци қауымдастығы кеңесінің мүшесі, кәсіби 9-дан дәрежесінің иегері Лян Вэйтан және Қазақстан вэйци қауымдастығының вице-президенті Нұрсейіт Жанатаев қол қойды.
Рәсімде сөз сөйлеген Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы бас консулы В.Сәрсембеков Меморандумға қол қою Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолындағы кезекті нақты қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, вэйци стратегиялық ойлау қабілетін дамытуға, өзара құрметті қалыптастыруға және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ жастарды зияткерлік спорт түрлеріне тартуға және екіжақты алмасуларды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Лян Вэйтан қол жеткізілген уағдаластықтар ынтымақтастықтың бес негізгі бағытын қамтитынын хабарлады. Атап айтқанда, бірлескен жарыстар өткізу, балалар мен жасөспірімдер арасында вэйциді дамыту, жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау, ойын мәдениетін насихаттау, сондай-ақ спорттық разрядтар мен біліктілік дәрежелерін беру жүйесін дамыту көзделген. Алдағы уақытта екіжақты турнирлер ұйымдастыру, спортшылар алмасу және Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінде вэйциді кеңінен таратуға жәрдемдесу жоспарлануда.
Рәсімге сондай-ақ Гуандун провинциясы вэйци қауымдастығының басшылары Жун Цзяньсин мен Чэнь Чжиган, вице-президенттері У Чжаои мен Цай Цзяньпэн, сондай-ақ қауымдастықтың вице-президенті әрі бас хатшысы Дэн Гуантин қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы спорттық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Анықтама: Вэйци, сондай-ақ го деген атаумен белгілі, 2,5 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі қытай стратегиялық үстел ойыны. Ойын барысында екі ойыншы тақтаға кезекпен қара және ақ тастарды орналастырып, аумақты бақылауға алуға ұмтылады. Бұл ойын логикалық және стратегиялық ойлау қабілетін, зейінді шоғырландыруды және салмақты шешім қабылдау дағдыларын дамытады.

12 октября 2026
Гуанчжоуда жаңа халықаралық сауда платформасының жобасы таныстырылды

Гуанчжоу, 2026 жылғы 8 қазан – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының өкілдері «Гуанчжоу халықаралық сауда порты» жобасына жаһандық инвестиция тарту жөніндегі таныстырылымға қатысты.
Гуанчжоу қаласының Халық үкіметі ұйымдастырған іс-шарада қала әкімі Сунь Чжиян сөз сөйлеп, Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Чжан Сянчэнь қатысушыларға бейнебайланыс арқылы үндеу жолдады. Қала әкімдігінің мәліметінше, іс-шара аясында 154 жоба бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізіліп, олардың 71-і сол жерде рәсімделген.
Жобаны Хуаду ауданында, Байюнь халықаралық әуежайының маңында іске асыру жоспарланып отыр. Оның аумағы шамамен 9,86 шаршы шақырымды, ал құрылыстың жалпы көлемі 14,5 млн шаршы метрді құрайды. Кешен сауда, көрме, цифрлық технологиялар, өндіріс және логистика инфрақұрылымын біріктіреді.
Жаңа платформа қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына шығаруға, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және Қазақстанның ҚХР-дың оңтүстік өңірлерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашуы мүмкін.

30 сентября 2026
Қазақстанның Гуанчжоудағы Бас консулы ҚХР-дың құрылғанына 77 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты қабылдауға қатысты

2026 жылғы 30 қыркүйекте Гуанчжоу қаласында Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған іс-шараға Гуанчжоуда аккредиттелген шет мемлекеттердің 70-тен астам бас консулдығының өкілдері қатысты.
Қытай Коммунистік партиясы Гуандун өлкелік комитетінің Тұрақты комитетінің мүшесі, өлкелік партия комитетінің Біртұтас майдан бөлімінің меңгерушісі, Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесі Гуандун өлкелік комитетінің партиялық тобы хатшысының орынбасары Ван Си құттықтау сөзін айтты.
Ван Си өз сөзінде Қытайдың 77 жыл ішінде қол жеткізген ауқымды жетістіктеріне, соның ішінде қарқынды экономикалық өсімге, әлеуметтік тұрақтылыққа және елдің халықаралық беделінің нығаюына тоқталды.
Гуандунның дамуы туралы айта келе, ол өлкенің жалпы ішкі өнім көлемі бойынша 37 жыл бойы, ал сыртқы сауданың жалпы көлемі бойынша 40 жыл қатарынан Қытайда бірінші орын иеленіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Гуандун ғылыми-технологиялық инновацияларды дамытуда, реформаларды тереңдетуде және сыртқы әлемге ашықтықты кеңейтуде жетекші рөл атқарып келеді.
Ван Си 15-ші бесжылдық кезеңінде Гуандунның жоғары сапалы дамуға, жасанды интеллектіні белсенді енгізуге, жаңа сапалы өндіргіш күштерді қалыптастыруға, өнеркәсіп, ғылым және технологиялар арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық беретінін мәлімдеді.
Реформаларды тереңдетудің, ашықтықты кеңейтудің және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы саналатын Гуандун–Гонконг–Макао Үлкен шығанақ аймағын дамытуға ерекше назар аударылды.
Ван Си Шэньчжэнь қаласында алдағы уақытта өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы форумына мүше экономикалар көшбасшыларының 33-ші кездесуіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, бұл іс-шара Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ Үлкен шығанақ аймағының ашықтығын, инновациялық әлеуетін және қарқынды дамуын көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналады.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Валихан Сарсембековтің Ван Симен кездесуі өтті.
Тараптар Қазақстан–Қытай қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ Қазақстан мен Гуандун өлкесі арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты. Саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-технологиялық және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделілік расталды.
Гуандунның Қазақстанмен практикалық өзара іс-қимылды кеңейту тұрғысынан Қытайдың әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі ретіндегі маңызды рөлі атап өтілді.

28 сентября 2026
Гуанчжоу биофармацевтика саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырды

Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының өкілдері Гуанчжоу қалалық халық үкіметінің Сыртқы істер жөніндегі кеңсесі ұйымдастырған «Гуанчжоу халықаралық биоаралына таныстыру турына» қатысты.
Іс-шараға Гуанчжоу қаласында аккредиттелген шетелдік бас консулдықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.
Сапар барысында қытай тарапы шетелдік дипломаттарды жалпы аумағы 1,83 шаршы шақырымды құрайтын Гуанчжоу халықаралық биоаралының ерекшеліктерімен таныстырды. Сонымен қатар, қатысушыларға аталған аумақта қызмет ететін «Guangzhou Pharmaceutical Holdings Limited», «ApicHope Pharmaceutical Group» және «HNNK Inc.» компанияларының негізгі қызмет бағыттары мен өнімдері таныстырылды.
Қазақстан тарапының өкілі компаниялардың басшылығына еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын бірлесіп зерделеу мақсатында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.
Өз кезегінде «Guangzhou Pharmaceutical Holdings Limited» компаниясының өкілдері Қазақстан нарығында қызметін жүзеге асыруға қызығушылық танытып, осы бағыттағы бірлескен жобаларды алдағы уақытта пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.

Анықтама: Гуанчжоу халықаралық биоаралы (Guangzhou International Bioisland) – 2011 жылы ресми түрде ашылған, биомедицина және биотехнология салаларына маманданған ұлттық деңгейдегі ғылыми-инновациялық кешен. Жалпы аумағы – 1,83 шаршы шақырым. Биоаралда 700-ге жуық кәсіпорын шоғырланған. Негізгі қызмет бағыттары – фармацевтика, жаңа дәрілік препараттарды әзірлеу, гендік инженерия, медициналық диагностика және биотехнологиялық зерттеулер.

19 сентября 2026
Қазақстан азаматтарының назарына

Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығы 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің елден шығу және елге кіру тәртібі туралы ережесі (бұдан әрі – Ереже) күшіне енгенін хабарлайды.
Осыған орай Қытай аумағына түрлі мақсатпен келуге ниетті Қазақстан азаматтарын Ережемен танысуға және Қытай Халық Республикасының аумағында болған кезеңде қабылдаушы елдің заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.
Ереженің толық мәтінін мына сілтеме арқылы жүктеуге болады: https://drive.google.com/uc?export=download&id=1UR_9Y8u9xGhtvGNFW7TU1_F7aVRopTft

18 сентября 2026
Қазақстан Гуанчжоуда өткен 9-шы CIIE роуд-шоуына қатысты

2026 жылғы 17 қыркүйекте Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулы Валихан Сарсембеков 2026 жылғы 5-10 қараша аралығында Шанхай қаласында өтетін 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне (CIIE) қатысушыларды тартуға арналған роуд-шоуға қатысты.
Іс-шара ҚХР Коммерция министрлігінің қолдауымен CIIE бюросы мен Гуандун провинциясының Коммерция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Оған мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, ірі сауда, фармацевтика, технология және логистика компанияларының өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 9-шы CIIE көрмесіне 120-дан астам ел мен өңірден шамамен 3 мың кәсіпорынның қатысуы күтілуде. Негізгі назар жасанды интеллектке, жасыл технологияларға, денсаулық сақтау саласына, азық-түлік өнімдеріне, заманауи жабдықтарға және қызметтер саудасына аударылады.
Өз сөзінде В.Сарсембеков Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстанның қосылған құны жоғары өнімдердің, ең алдымен ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына ілгерілетуде CIIE көрмесі мен «Қытайға экспорт» бастамасының ерекше рөлі атап өтілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар практикалық сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Анықтама: Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) 2018 жылдан бері жыл сайын Шанхай қаласында өткізіліп келеді және импортты ілгерілетуге, сондай-ақ шетелдік тауарлар мен қызметтердің Қытай нарығына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған ҚХР-дағы ірі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Сегіз жыл ішінде көрмеге 180-нен астам елдің, өңірдің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, алдын ала келісілген мәмілелердің жиынтық көлемі 508 млрд АҚШ долларынан асты.

14 сентября 2026
Қазақстанның Бас консулы CITIE 2026 Гуандун халықаралық туристік индустрия көрмесіне қатысты

2026 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Валихан Сарсембеков Гуандун өлкесі Халық өкіметінің шақыруымен 11-13 қыркүйек аралығында Гуанчжоу қаласында өткен Гуандун халықаралық туристік индустрия көрмесіне (Guangdong International Tourism Industry Expo, CITIE 2026) қатысты.
Биылғы жылы көрме 50-ге жуық ел мен өңірден 1 200-ден астам ұйымды біріктіріп, 160 мыңнан астам келушіні тартты. Іскерлік бағдарлама аясында 5 мыңнан астам кәсіби кездесу мен салалық байланыс, 50-ге жуық тақырыптық іс-шара, сондай-ақ мәдени-туристік және инвестициялық жобалар бойынша таныстырылымдар мен келіссөздер өткізілді.
Көрмені аралау барысында В.Сарсембеков «Air Astana» АҚ экспозициясымен танысып, әуе компаниясының өкілдерімен әңгімелесті. Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе тасымалының қазіргі динамикасын, әуе бағыттарын одан әрі кеңейту перспективаларын, туристік алмасуды дамыту және Қазақстан мен ҚХР-дың оңтүстік өңірлері арасындағы жолаушылар ағынын арттыру мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта «Air Astana» Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 36 рейс орындайды, оның ішінде Астана – Гуанчжоу бағыты бойынша 3 рейс және Алматы – Гуанчжоу бағыты бойынша 7 рейс жүзеге асырылады.
CITIE 2026 қорытындысы бойынша туристік агенттіктер мен онлайн-платформалар арқылы туристік өнімдерді сату көлемі 11,9 млн АҚШ долларынан асты. Инвестициялық бағдарлама аясында 106 ұйым жалпы сомасы 2,9 млрд АҚШ долларынан асатын 56 мәдени-туристік жоба бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. Тікелей көрме алаңында 46 ұйымның қатысуымен жалпы сомасы 1,7 млрд АҚШ долларынан асатын 25 жобаға қол қойылды.

Анықтама: CITIE көрмесі 2005 ж. бері өткізіліп келеді және Қытайдағы провинциялық деңгейдегі ең танымал мамандандырылған туристік көрмелердің бірі болып табылады. Көрме халықаралық мәдени-туристік ынтымақтастықты дамытуға, туристік бағыттар мен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге, сондай-ақ туристік әкімшіліктермен, туроператорлармен, бейінді қауымдастықтармен, инвесторлармен және қызмет көрсетушілермен тікелей байланыстар орнатуға арналған маңызды алаң болып табылады.

11 сентября 2026
Қазақстандық делегация Шэньчжэнь қаласындағы озық цифрлық және ұшқышсыз ұшу технологияларымен танысты

2026 ж. 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің делегациясы Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының және бірқатар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп Шэньчжэнь қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар бағдарламасы аясында жасанды интеллект, Smart City, компьютерлік көру, цифрлық егіздер, автономды көлік, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, төмен биіктіктегі экономика және ұшқышсыз логистика салаларында жұмыс істейтін Қытайдың жетекші технологиялық компаниялары және инновациялық алаңдарымен кездесулер өткізілді.
Қазақстандық тарапқа қалалық және көлік инфрақұрылымын интеллектуалды басқару, жасанды интеллектті қолдана отырып бейнедеректерді талдау, төтенше жағдайлар мен аса маңызды инфрақұрылым объектілерін мониторингтеу, автономды жеткізу, сондай-ақ төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқару бойынша практикалық шешімдер таныстырылды.
Тиісті технологияларды Қазақстанда қолдану перспективаларына, оның ішінде «ақылды қалаларды» дамытуға, өңірлердің көлік байланысын арттыруға, санитарлық авиацияға, дәрі-дәрмектер мен шұғыл жүктерді жеткізуге, мұнай-газ және энергетикалық инфрақұрылымды мониторингтеуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және цифрлық сыңарларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Сапар барысында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, пилоттық жобаларды іске асыруға, технологиялар трансферіне, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың технологиялық компаниялары мен инновациялық алаңдары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Социальные сети
Меню подвал
Қазақстан Республикасының Конституциясы
"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заң